Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай, наразылық білдірді

Оралда автобус жүргізушілері ереуілге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: mgorod.kz

8 қаңтар күні таңертең "Алый Парус" ЖШС-нің №3, №35, №14, №3К, №51 бағыттарындағы автобустарының жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты. Жүргізушілер басшылықтан мекемедегі мәселелерді шешуді талап етіп отыр. 

Жұмысшылардың айтуынша, алты айға жуық медициналық сақтандыру төлемдері төленбегендіктен олар ауруханаларға бара алмайды. Сондай-ақ зейнетақы қорына аударымдар жасалмағандықтан, жүргізушілерге несие де берілмейтін көрінеді.

“Алты ай бойы бізде әлеуметтік және медициналық аударымдар жоқ. Жігіттер ауырып қалады, жедел жәрдем шақырады, бірақ оларды міндетті медициналық сақтандырусыз қабылдамайды, емдемейді. Зейнетақы жарналарын да аудармайды. Жалақы төленеді, оның өзі кешіктіріп беріледі. Алты ай өтті, мұны қалай түсінуге болады? Барлығының несиелері, отбасылары бар, мұқтаждықтары бар: пәтерақы төлеу, киіну, азық-түлік сатып алу керек", – дейді "Алый Парус" ЖШС-нің механигі Нұржан Төлеов.

Фото: mgorod.kz

Жұмысшылардың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы өкілдері таңертең келіп, жұмысқа шықпағандары үшін айыппұл салынатынын айтқан. Жоспар бойынша күн сайын желіге 20 автобус шығуы керек болса, желтоқсаннан бері 10-15 автобус қана жұмыс істеп жүр екен. Мұны тағы да басшылық жанар-жағармайға қаражаттың жоқтығымен түсіндіреді.



Автопарк басшысы түсініктеме беруден бас тартты. Наразылыққа білдірген жүргізушілердің алдына Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов шықты.

"Автопарк шамамен 7 қалалық бағытқа қызмет көрсетеді. Барлық маршруттар әлеуметтік маңызы бар және қала маңындағы елді мекендерге қызмет көрсетеді. Бұл бағыттар мемлекет тарапынан субсидияланады. Алайда компания мемлекеттен алуға тиісті субсидиялардың барлығын ала бермейді. Алты тасымалдаушының барлығына жылына біз 2-5 миллиард теңге төлейміз. "Алый Парус" ЖШС субсидиясының үлесі жылына 400 млн. Айына 38-40 миллион теңге. Жыл сайын субсидия көлемі артып келеді, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын", — деді Азамат Халелов.

Әкім орынбасары заң бойынша жұмысқа шықпаған жүргізушілерге айыппұл салынатынын, бірақ мәселенің әлеуметтік сипатын ескере отырып, бұл жағдайда мұндай шаралар қолданылмайтынын атап өтті.

“Қазір келісімге келдік. Автобус жүргізушілері автобустарына мініп, жұмысқа шығады. Ереуілге байланысты кейбір азаматтар жұмысына жете алмай немесе кешігіп қалды, барлығынан қала басшылығы атынан кешірім сұраймыз", – деді әкім орынбасары.

Еске салсақ, бұған дейін "Қазақмыс" корпорациясының Сәтбаев қаласындағы кенішінің жұмысшылары ереуілге шыққаны туралы жазған едік.

Талқылау