Оралда "Адал ұрпақ – тәуелсіз елдің патриоттары" облыстық форумы өтті
25 қазан - Республика күні қарсаңында "Дарын" қосымша білім орталығының ұйымдастыруымен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында "Адал ұрпақ – тәуелсіз елдің патриоттары" облыстық форумы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Форумның ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллин қатысты.
Оның сөзінше, адал ұрпақ тәрбиелеу қай уақытта болса да маңызын жоғалтқан емес.
“Халқының мүддесін өз мүддесінен артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген ұрпақ тәрбиелеу барлығымыздың борышымыз. Жас буынға тек білім мен тәрбие беріп қоймай, еліне адал қызмет етуге, еңбекқорлыққа да баулуымыз қажет", – деді ол.
“Адал ұрпақ деген сөздің өзі сіздерге біраз ой салады деп сенемін. Еріктілер клубының мүшесі болудың өзі көп нәрсені аңғартады. Волонтер болып қоғам үшін тегін қызмет жасау – патриоттықтың көрінісі, ұстанымыңды сөзбен емес, іспен дәлелдеу. Талаптарыңыз оң болсын, күш-қуат пен мен шабыт тілеймін”, - деді форумның спикері, заңгер, облыстық қоғамдық кеңестің және мемқызмет әдеп кеңесінің мүшесі, "Әділдік жолы" РҚБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиал басшысы Бауыржан Ахметжан.
Заңгер "Жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы аясында атқарып жатқан жұмыстарымен таныстыра өтті. Оның айтуынша, биыл жарты жылда "Әділдік жолы" РҚБ-ның БҚО филиалы мамандары 100 мекеменің 2 мыңнан астам мемсатып алу құжаттарын талдаған. Былтыр бюджетке 33,3 млн теңге, биыл 19,3 млн теңге қайтаруға қол жеткізген.
"Біздің сараптамаларымыз арқылы 79 тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Оның 8-і қысқарса, қалған істер бойынша 71 тұлғаға 20,6 млн айыппұл салынды. Халықтың салығынан құралған бюджеттің тиімді жұмсалуын қадағалау, талап ету – қоғамдық бақылау. Қоғамдық бақылаушыларды даярлау, қоғам белсенділеріне сауатты мониторинг жасауды үйрету, жемқорлыққа қарсы іс-әрекетті жетілдіру, заңдарға ұсыныстар енгізу – біздің басты жұмысымыз, - деді жастарға қоғамдық бақылау, волонтерлік жайлы түсінік бере кеткен Бауыржан Зәкиұлы.
Форум барысында "Адал ұрпақ" еріктілер клубының мүшелері – Орал қаласындағы №33 орта мектептің 11-сынып оқушысы Бейбіт Азиза және Тасқала ауданы, Амангелді мектеп-бөбекжай балабақша кешенінің оқушылары Әсет Дүйсенғалиев пен Нұрила Нұрмағанбет "Адал ұрпақ" еріктілер мектеп клубының жұмыстарымен таныстырды.
Облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық "AQJAIYQ" телеарнасының тақырыптық хабарлар бөлімінің редакторы Біржан Кухаев пен Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев сөз алып, еліміздің нағыз патриоттары болудың алғышарттарын, білімге құштар, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылатын, адал, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды қастерлейтін тұлға болып қалыптасу жайлы кеңестерін айтты.
“Адалдық – адам баласының бойындағы баға жетпес, кіршіксіз таза, асыл қасиеттердің бірі. Әйтсе де оны ар таразысымен өлшеу – әркімнің жүрек тазалығына байланысты деп білген жөн”, - деді "Жастар рухы" Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Архат Исламғали.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменінің бас маманы Ринат Мұратов "Адал ұрпақ" клубының мүшелерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Форумның екінші бөлімінде "Адал ұрпақ" еріктілер мектеп клубының мүшелері топтық шығармашылық жұмыстарын көрсетті. Сондай-ақ "Адал ұрпақ" еріктілерінің қатарына қабылдану салтанатты рәсіміне жалғасып, оралдық 25 оқушы ант берді.