Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қалалық соттың төрағасын үкім шығара салып, сот залында қамауға алды

Фото: zko.sud.kz

БҚО-да 2024 жылы ұсталған Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы Руслан Жұмагұловқа қатысты сот отырысы аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Экс-судьяға қатысты қылмыстық іс Батыс Қазақстан облысының Тасқала аудандық сотында қаралды. Айыпталушылар қатарында Руслан Жұмағұловтан басқа адвокат та бар.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушы Руслан Жұмагұлов мемлекеттік жауапты лауазымда болған кезінде, жеке мүддесі үшін алдау арқылы 200 000 теңге көлеміндегі ақшаны ұрлауға әрекет жасаған.

Ал екінші айыпталушы Ф-ға алдау арқылы ақша ұрлау және пара беруге итермелеу бабы бойынша айып тағылған. 

"Айыпталушы Ф, адвокат бола тұра, жеке мүддесі үшін 1 500 000 теңге көлеміндегі ақшаны иемденуге әрекет жасады, сондай-ақ үкімнің орындалуына қатысты мәселе бойынша оң шешім қабылдату үшін пара беруге үгіттеген", — делінген Батыс Қазақстан облыстық сотының хабарламасында.

Мемлекеттік айыптаушы екі күдіктіге де 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушылар кінәларын мойындап, келісімді растады.

"Сот үкімімен айыпталушылар кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салу түрінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ айыпталушы Ф 3 жылға адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды", – делінген хабарламада.

Үкім жарияланғанға дейін Жұмағұлов үйқамақта болған. Сот оны залда қамауға алу туралы шешім қабылдады.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтау қалалық сотының экс-төрағасы 9 жылға сотталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 21:52
Талқылау