Орал тұрғындарын су тасқынына байланысты қауіпсіз жерге көшіріп жатыр
Фото: Видеодан скрин
Оралдағы "Мясокомбинат" жағасы ауданында тұратын тұрғындарды Жайық өзенінен алыс, қауіпсіз жерге көшіру жоспарланын отыр. Қазір осы мәселемен әкімдік жанынан құрылған комиссия айналысып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандар жергілікті тұрғындармен санаса отырып, жер телімдерін алып қоюдың тиімді жолдарын қарастырып жатыр. Орал тұрғыны Виктор Свягиннің үйін су басып қалуы мүмкін. Былтыр тасқын кезінде Жайық өзенінің суы оның учаскесіне 8 метрге дейін жақын келген. Көктемгі су тасқыны кезінде өзен арнасы бағытын өзгерткен.
“Екі жылдың ішінде, шамамен сегіз метр кетті. Өткен жылы мұз көп болған кезде, өзен ана жаққа, орманға қарай жетті, талай ағашты құлатып кетті. Егер әйелімнің сөзіне сенсек, ана жерде, үлкен ағаштар тұрған тұста, жаңа ғана құс ұшып өткен жерді көрдіңіз бе, сол жерде бұрын Жайықтың жағасы болған. Қазір шамамен 200 метрге жылжып кеткен”, – дейді Виктор Свягин.
10 жер телімі, оның ішінде алты тұрғын үй қауіпті аймақта тұр. Жағдайды арнайы құрылған әкімдік жанындағы комиссияның мамандары бағалап жатыр. Сарапшылар мәселені шешудің оңтайлы жолдарын қарастырып жатыр. Жаңа үйлер қауіпсіз аймақтан, жағалаудан алыс жерден беріледі.
“Біз тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес жұмыс істейміз. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер мүлік тәркіленсе, азаматтар жайлы көпқабатты үйлерден дәл сол бағада баспана ала алатынын түсіндіріп жатырмыз”, – дейді Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абылай Нұрмақов.
Егер тұрғын пәтерден бас тартса, алынған мүлік үшін қаржылай өтемақы беріледі. Жер телімдері мен үйлер нарықтағы құны бойынша бағаланады.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
