Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істейтін қазақстандықтарға жоғары жалақы уәде етілді

кореяФото: shutterstock.com

Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуі оларға жоғарырақ жалақы алып, әлеуметтік кепілдіктерге ие болуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Аскарбек Ертаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Вице-министрдің айтуынша, шетелде ресми түрде жұмысқа орналасу еңбек шартымен рәсімделеді, онда қосымша қолдау шаралары қарастырылған.

"Азамат шетелде заңды түрде жұмыс істесе, онымен еңбек шарты жасалады. Онда тасымалдау, медициналық қызмет, сақтандыру және, әрине, еңбекақы қарастырылған. Бұл — заңсыз жүргеннен әлдеқайда тиімді", — деді Ертаев Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте.

Оның айтуынша, шетелде заңсыз жүрудің зиянынан басқа пайдасы жоқ.

"Біздің азаматтар заңсыз жүрген кезде тапқан ақшаларын Қазақстанға аудара алмайды. Банктер мұндай қызмет көрсетуден бас тартады, сондықтан олар басқа жолдар іздейді, ал бұл жағдайда алаяқтыққа тап болу қаупі жоғары", — деп түсіндірді вице-министр.
Ертаевтың айтуынша, Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген азаматтар Қазақстанға еш кедергісіз қайта орала алады.
"Егер азамат еліне қайтқысы келсе, ешқандай шектеу жоқ. Ол билет сатып алып, ұшып кете алады. Бірақ корей тарапы оның заңсыз жүргенін тіркеп, арнайы базаға енгізеді", — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай азаматтардың Кореяға қайта кіру мүмкіндігі әр жағдай бойынша жеке қаралады.

"Мұндай жағдай әзірге қаралған жоқ. Бұл — келіссөз арқылы шешілетін мәселе. Егер азаматқа кіруге тыйым салынса, бұл оның бұрынғы заңсыз мәртебесіне байланысты болады. Мұндайда екі елдің министрліктері арасында келіссөздер жүргізіліп, біздің азаматтың Кореяға заңды негізде қайта баруына мүмкіндік қарастырылады", — деді Ертаев.

Айта кетейік, қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда Employment Permit System (EPS) бағдарламасы бойынша ресми жұмыс істеуге мүмкіндік беретін келісімге қол қою мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Еңбек министрлігінің мәліметінше, құжатты 2025 жылдың соңына дейін бекіту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Сенат депутаттары қазақстандықтардың Катарда ресми түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заңды мақұлдағаны хабарланды

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 15:20
Талқылау