Оңтүстік Кореяда "Шырайлы Шымкент" аталатын дәмхана ашылды
Оңтүстік Кореяда қазақстандық кәсіпкер «Шырайлы Шымкент» аталатын дәмхана ашқан. Дәмханада клиенттерге қазақ тағамдары ұсынылады екен.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ёнсан қаласында дәмхана ашқан Сәуле Қосақаева бұл ойының жүзеге асуына күйеуі Чой Ён Джудың көмектескенін айтады. Ол «Шырайлы Шымкент» дәмханасын ТМД елдерінен келген достарының өтініші бойынша ашыпты. Жергілікті зауыттарда жұмыс істеп көрген кәсіпкер шетелдіктерге корей тағамдарына үйрену қиын екенін жақсы білетінін жеткізді.
Аталған дәмхананың аспазы Баходыр Усманов мұнда келушілер қазақша ет, самса, кәуапқа көп тапсырыс береді дейді.
«Қуырдақ, өзіміздің ет, бешпармақ дейді ғой. Нарын істейміз, сорпа, лағман. Етіміз халал. Халал сертификатымен аламын. Сондықтан сол етті жеу үшін көп мұсылман елдерінен келеді», - дейді дәмхана директоры Сәуле Қосақаева.
Қазақстандық кәсіпкер алдағы уақытта Оңтүстік Кореяның басқа қалаларынан да «Шырайлы Шымкент» дәмханасын ашқысы келетінін айтты.
«Дәмхана ашу үшін көптеген нәрселерден өтесің. Оның өзінің көптеген ережесі бар. Заңдары бар, солардың бәрінен өтіп ашу керек болады. Сәті түсіп жатса неге ашпасқа деп ойлаймын», - дейді Қосақаева.
Тағы оқыңыз: Оңтүстік Корея туралы 70 мәлімет