Оңтүстік Корея парламенті президентті қамауға алу туралы қарарды мақұлдады
Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёль мен тағы жеті шенеунікті дереу қамауға алуды талап ететін қаулы қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Reuters
Еске салсақ,Оңтүстік Корея президенті мемлекетке опасыздық жасады және билігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген және оған елден шығуға тыйым салынған.
Парламент Юн Сок Ёль мен тағы жеті шенеунікті дереу қамауға алуды талап ететін қаулы қабылдады. Оған 191 депутат дауыс берсе, 94-і қарсы болса, үшеуі қалыс қалды.
Оппозициялық Тобуро демократиялық партиясы да әділет министрі Пак Сон Чжэ мен Ұлттық полиция агенттігінің басшысы Чо Джи Хоға қарсы импичмент процедурасын бастау жоспарын жариялады. Ұсыныс сенбі күні дауысқа салынады.
Ұлттық ассамблея (парламент) әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты президент Юн Сок Ёльға қатысты тергеу жүргізу үшін тұрақты арнайы прокурор тағайындау туралы заң жобасын қабылдады.
Бастаманы 210 депутат қолдаса, 63-і қарсы шықты, 14-і қалыс қалды.
Заң жобасында бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён мен армия штабының бастығы генерал Пак Ан Сонның да аты аталған. Премьер-министр Хан Док Су мен қарсы барлау басшысы Ё Ин Хён де тергелушілер тізімде.
Айта кетейік, бұған дейін 3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл елде төтенше әскери жағдай жариялаған еді. Ол бұл шешімнің "мемлекетке қарсы күштерге" бағытталғанын айтқан. Юн Сок Ёльдің айтуынша, ел парламенті мемлекеттік жүйенің жұмысын бұзатын дағдарыс көзіне айналған.
Кейіннен Сеулде төтенше әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты қақтығыс болған. Артынша республика парламенті төтенше жағдайды алып тастаған еді.
Дегенмен Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёльға импичмент жариялай алмады.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?