Оңтүстік астанада Еуразиялық музыкалық премия EMA 2019-дың баспасөз-мәслихаты өтіп, түбегейлі өзгерістер талқыланды
Алматыда MuzzOne телеарнасына тиесілі Еуразиялық музыкалық премияның EMA 2019 баспасөз мәслихаты өтті. Биыл еліміздің басты музыкалық шарасы 14 желтоқсан күні "Алматы Аренада" өтеді, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Суретте солдан оңға қарай: Мұхит Сапарбаев, Арманжан Байтасов, Олег Абдулкарипов, Дмитрий Шок
Музыкалық премия болатын күні сағат 16:00-де шоу-бизнестің ең үздік жұлдыздары, танымал актерлер, режиссерлер мен теле және радиожүргізушілер қызыл кілеммен жүріп өтеді. Қызыл кілемге аяқ басқан тұлғаларға Мұхит Сапарбаев көкейтесті сұрақтарын қояды, сұхбаттасып, жүргізуші болады.
Биыл премия продюсері атанған Дмитрий Шок оның форматын да түбегейлі өзгертті. Премияда халық алдында жүріп, көзайым болған әртістерден бөлек, әлі таныла қоймаған, бірақ сахнадан өзі орнын табуға ұмтылып жүрген дарынды тұлғалар өнер көрсетеді.
"Қазақстанда 2019 жыл — жастар жылы болғандықтан, біз жаңа әртістерге өздерін танытуға, шығармашылығын біздің аудиториямызбен бөлісуге мүмкіндік бергіміз келеді", - деді премия продюсері.
Музыкалық кеште 2000 жылдардың әртістері: Мадина Сәдуақасова, Do-Mi-No, All-Давай, 101 және NNBek ұсынатын перформанс EMA 2019 премиясының тағы да бір тосын сыйы болмақ. Жоғарыда аталған әншілер хитке айналған әндерін DJ Ablay Kaltaev-тің экслюзивті диджейлік миксімен шырқайды.
"EMA премиясының тарихы үлкен. Біз оны алғаш рет 2009 жылы өткіздік, сосын кішігірім үзіліс жасадық. 2012 жылдан бастап біз премияны жыл сайын өткізу туралы шешім шығардық. Біз шоу-бизнес өкілдерінің еңбегін бағалаймыз. Олардың өнерімен мүмкіндігінше көптеген адамдар таныс болса деген тілегіміз бар.
Біз музыкада шектеу жоқ екенін түсіне келе, премияны "Еуразиялық" деп айқындадық. Қазақстан — мультимәдениетті мемлекет, осының арқасында сазгерлер мен орындаушылар музыканың әртүрлі жанрларында туындыларын жарыққа шығарады. Еуразияның барлық әрітстері өз күштерін премияда сынай алады. Әйтсе де, премияның негізі, әрине, қазақ эстрадасы болып қала бермек", - деді MuzzOne телеарнасының акционері Арманжан Байтасов.
EMA 2019-дың басты қонақтары Юлианна Караулова мен Бамбинтон тобы. 14 желтоқсанда "Алматы Аренада" жарты жылдан аса уақытқа созылған көрермендер дауысының қорытындысы жасалады. Мүсіншені үздіктердің үздігі алады.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
