Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстіктің тұрғындары солтүстікке көшіп келгендеріне өкініп отыр

Теріскейге оңтүстіктен бет алған ұлы көш қайтар жолдың қамына кірісті. Өйткені, жұмыс қолы тапшы Солтүстік Қазақстан облысына арнайы бағдарлама бойынша көшіп келген отбасылар осы уақытқа дейін не баспанамен, не жұмыспен қамтылмаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Без названия

Тұрмысы төмендеп кеткен оларға теріскейдің 9 ай қысы да қинап тұр. Титықтаған жұрт енді буынып-түйініп елге оралайын десе, ол жақтағы ағайынның мазағына айналамыз деп алаңдайды.

40 жастағы Нұрлыбек Мырзахметов былтыр 4 баласымен Шымкенттен көшіп келген. Мамлют ауданы Покровка ауылындағы мына ескі үйді айына 5 мың теңгеге жалдап отыр. «Жалдап отыр» деген аты ғана. Алғашқы екі айын ғана төлеген ол қазір үй иесіне 50 мың теңге қарыз. Келіншегі жұмыссыз. Өзі жуырда ғана мектепке от жағушы болып  орналасыпты. Айлығы – 40 мың. Осындай отбасылардың жайына былтыр ұлы көшті бастап келген Байзақ ақсақал қатты алаңдайды.

“Аудан, облыс жағынан ешқандай  көмек көрсеткен жоқ. Үй алып бермеді және олардың киім -кешегіне ешқандай жетпеді. Бұл жердің қысы суық болғаннан кейін отын керек, көмір керек. Қазір қалған үш отбасы қиналып отыр”, – дейді Покровка ауылының тұрғыны Байзақ Бөкенбаев.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданынан келген  Ермахан Байзақұлы әке-шешемнің зейнетақысы болмаса аш қалар едім дейді. Келіншегі 45 мың теңгенің жұмысын әрең тауыпты. «Дене шынықтыру» сабағының ұстазы деген білдей дипломы бола тұра өзі үйде жұмыссыз. Олар да былтыр бір жыл бойы өзі сияқтылармен бірлесіп, 17 адам шағын үйді паналаған.

“Үй алып беремін,жұмысқа кіргіземін, мал шаруашалығының айналысатындарға несие алып берміз, деген соң келіп едік. Елімізге кетеміз енді”, – дейді тұрғын Ермахан Байзақұлы.

Аудан әкімінің тұрғындар алдында есебі болады дегенді естіген жұрт  назын арқалап осында жетті. Шенеуніктердің айтуынша, былтыр ауданға 8 үй сатып алуға ақша бөлінген екен. Бірақ бірде-бір баспана алынбапты. Бәріне сол үйлердің бұрынғы иелерінің салғырттығы себеп деп отыр.

“Үкіметтің ақшасын   конкурс өткізіп, береді ғой. Ақшасын бөлдік. Бірақ тапсырған құжаттары дұрыс болған жоқ. Біреуінің техпаспорты жоқ. Біреуінің тіркеуі  жоқ”, – дейді Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшенов.

Былтыр Мамлют ауданына оңтүстіктен 14 отбасы қоныс аударған екен. Бірі осындай уақытша қиындыққа төзбесе, бірі теріскейді жерсінбепті. Салдарынан үш отбасы оңтүсіккке қайта көшіп кеткен. Қалғандарының жағдайын жасамаса, үкіметтің білдей бағдарламасымен келген жұрттың да жазға қарай жолға қамдануы әбден мүмкін.

 Жіберіп алмаңыз:

Елімізде тіркеуге тұрмағандарға наурыздан бастап жаппай айыппұл салынады

Ақтөбелік шенеуніктердің мәдениетсіздігі жұртты шошытты

Астанадағы Сирия келіссөздері кезінде журналистер төбелес шығарды

Талқылау