Қазақстанда онлайн казиномен 3,1 миллиард теңге табыс тапқан: Ұйымдастырушысы Грузияда ұсталды

Маңғыстау облысында Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Рантик Бахтияр Оглына қатысты істі тергеп жатыр. Ол онлайн казино түрінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ойын платформасының жұмысы үшін мыңнан астам құмар ойын ойнау үшін “bingo37.pro” сервисі пайдаланылған. Олардың қатарында "Crazy Monkey", "Keno", "Euro Game" және басқа да танымал ойындар бар.
“Ойыншыларды тарту Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүргізілген. Онда жарнамалық, фото және бейнематериалдар, түрлі акциялар мен бонустық бағдарламалар туралы ұсыныстар таратылып, қолданушыларда жеңіл әрі жылдам ұтысқа қол жеткізуге болады деген түсінік қалыптастырылған. Ақша аударылғаннан кейін ойыншыларға платформаға кіруге арналған логиндер мен құпиясөздер берілген. Ойыншылардан қаражат қабылдау және қаржы ағындарын жасыру мақсатында күдікті Грузия мен Тәжікстан азаматтарын – дроперлерді тартқан. Олар Қазақстан аумағына әдейі келіп, банк шоттары мен абоненттік нөмірлерді тіркеп, кейін оларды пайдаланбай, қолжетімділікті ұйымдастырушыға тапсырған”, – деп мәлімдеді Қаржы мониторинг агенттігі.
Нәтижесінде дроперлердің атына тіркелген шоттар арқылы 3,1 миллиард теңгеден астам қаражат түскен.
2025 жылдың тамыз айында Бахтияр Оглы Р халықаралық іздеуге жарияланып, сот сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. 2026 жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Сонымен қатар үшінші тұлғалардың атына рәсімделген екі автокөлікке, атап айтқанда, Porsche Cayenne және Lexus GX 460 маркалы көліктері сот қаулысымен мемлекет кірісіне тәркіленді. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
"1,5 келілік сәби жансақтау бөлімінде": Таиландқа демалуға барып, босанып қалған қазақстандық әйел елден көмек сұрады