Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онлайн қайыршыға айналып барамыз, халыққа көмек қашан болады?": Дәулет Мұқаев Болат Жәмішевке сауал жолдады

Дәулет Мұқаев Қазақстан халқына қорының басшысы Болат Жәмішевке сауал жолдады. Журналист науқас балалардың еміне ақша аударылмағанына наразы. Қор ақшасы халықтың жағдайына бөлінбейді деп жазды. 

"Қазақстан халқына" қорының ресми құрылғанына бір айдан асты. Бірақ осы аралықта нақты Қазақстан халқына көрсетілген бірде-бір көмекті байқамадым. Есесіне, "біз министрлік қасында отырмыз, сол себепті орташа  жалақымыз 587000 теңге, әрі бұл тым көп көрінуі мүмкін, бірақ біз айлықтан басқа премия да алмаймыз" деп отырсыз... Қор басшысы Болат Жәмішев өткізген зум арқылы өткен бірнеше жиналысқа қатыстым. Барлығы орыс тілінде сайрап отыр. Қазақша сөйлеп отырғаны 3-4 ғана”, – деп жазды блогер.

Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, өзінен көмек сұрайтындар саны күн санап артуда. Ал мұқтаж жандарға көпшіліктен қаражат жинау арқылы көмек қолын соза алады. 

“Білесіз бе, менің дайрегім көмек беріңізші деп еміне шипа іздеген жандардың хаттары толып кетті. Ватцапқа да күн сайын хаттар келуде. Қаншама ата-ана баласын емдегісі келіп, шыр-пыр болуда. Президент биыл "Балалар жылы" деді, бірақ сөз жүзінде қалып отыр!!! Қаншама белсенді жандар, блогерлер күні-түні тікелей эфирде ауырған балаларға ақша жинап, жаңа Қазақстанның онлайн қайыршысына айналып барамыз. Әйтеуір, қарапайым халық болып бір жыртығымызды жамап жатсақ, бір жеріміз жыртылып жатады!!!”, – дейді ол.

Журналист қор қаражаты жеткілікті болғанымен, халықтың пайдасына емес, өзге жағдайларға жұмсалып отыр деп ашулы.

"Қазақстан халқына" қорына олигархтар мен бай компаниялар ақша аудару керек деген-ді. Бүгінде жиналған ақша 120.000.000.000 теңге (120 миллиард) төңірегінде. Бірақ, бұл ақшадан сіздердің айлықтарыңыз бен министрлік қасында орналасқан ғимарат арендасына ғана ақша жұмсалып жатыр!!! Қарапайым халыққа нақты көмек қашан болады???”, – деді Дәулет. 

Желі қолданушылары қолдау білдіріп, өз пікірін ортаға салды. 

“Халықты ойлау емес, алдымен өз айлықтарын шешіп алып жатыр деген сөз!Нәтиже күтіп жүргенде халық қартайып кететін болды ғой”, “Жалғыз олар емес, біз де премия алмаймыз”, “Бізде бәрі сөз жүзінде қалады ғой, ертең оны да жеп, шет елге қашып кететін шығар. Бізде заң солқылдақ, тек қарапайым халықты қинау үшін жазылған”, “Мен баламның еміне көмек сұрап жазғанмын, күтудеміз жауап жоқ. Көмек алған адамдар бар ма, айтыңыздаршы өтініш”, “Сол қордың басқарушысы етіп сізді сайлауын халық болып талап етейік. Жәмішов жұмысын атқара алмайтын адам”, “Неге ол акшадан олардың отыратын орны мен жейтін тамағы төленуі тиіс. Халыққа деп айтылған соң халыққа көмегін көрсету керек емес пе? Бір тиынына дейін халыққа есебін беріп отыру керек емес пе? Оларға басқа жақтан төленуі керек”, – деп жазды олар. 


Талқылау