Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өңірлерде ақша бопсалап, несие алдырумен айналысқан жастардың қылмыстық топтары анықталды - ІІМ

Ішкі істер министрлігі жастар арасындағы криминалдық топтарды анықтап, олардың жолын кесу үшін жұмыстар атқарып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: видеодан скриншот

Мұндай топтардың қылмысы көбіне жасырын қалады, себебі жәбірленушілерін қорқытып тастағандықтан немесе басқа да себептермен олар полицияға жүгінбейді.

“Ұрылар” идеологиясын ұстанып, заңсыздыққа жол беретін топтар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқығын өрескел бұзады. 

Жақында ғана ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Шымкент және Павлодар қалаларында осындай екі топтың ұсталғанын хабарлады. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр. 

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс биыл қаңтар айында басқа өңірлерде де осындай топтар ұсталғанын мәлімдеді. 

Мәселен, Шымкентте жедел ақпаратты тексеру барысында университеттердің бірінен үш студентті ұрлап кеткені анықталды. Тексеру 20 жастағы алты жігіт криминалитет өкілінің ықпалына түсіп, бопсалау және өзге де қылмыстар жасағанын анықтады. Тіпті олар үш студентті көлікке отырғызып, қаланың сыртына апарып, күш көрсетіп, мобильді қосымша арқылы онлайн-несие ресімдеткен және 700 мың теңгені тартып алған. Топтың барлық мүшесі ұсталды. 

Алматы облысында 23 жасқа дейінгі үш тұрғыннан тұратын топ ұсталды, олар 2005 жылы туған қызбен келісе отырып, адамдарды алдап пәтерге апарып отырған. Сол жерде жәбірленушілерді қорқытып, ақша бопсалаған. Күдіктілер ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. 

Павлодар облысының Ақсу қаласында ақша бопсалау және алаяқтық жасаған жастар тобы ұсталды. Топ мүшелері қорқыту және алдау арқылы жәбірленушілерді несие ресімдеуге мәжбүрлеп, кейіннен ақша мен тауарларды иемденген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. 

Ақмола облысында жастар тобының екі мүшесі бұрын жергілікті тұрғыннан жарты миллион теңге бопсалағаны анықталды. Күдіктілердің бірі 2005 жылы туған және осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Екінші күдікті қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр. 

Абай облысында студенттерді қорқытып, ақша бопсалаумен айналысқан семейлік жас тұрғындардан құралған топ анықталды. Жәбірленушілердің бірі – жергілікті үниверситеттің екінші курс студенті, өткен жылдың тамыз айынан бастап қаскөйлерге 700 мың теңгеден астам ақша берген. Күдікті қамауға алынды. 

Атырауда жастар тобының мүшесіне қатысты жедел ақпаратты тексеру кезінде екі шолақ мылтық және әртүрлі калибрлі 60 патрон тәркіленді. Ол – 2005 жылы туған колледж студенті. 

Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында тұр.

 

Талқылау