Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өңірде кәсіпкерліктің дамуына жол ашылуда": Жылдам интернет Маңғыстау облысындағы ауыл халқының өмірін қалай өзгертті

Қазақстанда 6 мыңнан астам ауыл болса, соның барлығы бірдей кең жолақты интернетке қосылмаған. Алайда шалғайдағы елді мекендер жаңа заман үрдісінен қалмауы үшін мобильді операторлар белсенді жұмыс жасап келеді. Жақында ғана Маңғыстау облысының Қызылөзен ауылына жеткен жылдам желі қысқа уақыттың ішінде тұрғындардың өмірін қалай өзгерткенін Stan.kz тілшісі біліп қайтты.

Қызылөзен – облыс орталығы Ақтаудан 110 шақырым қашықтықта, Каспий теңізінің жағасында орналасқан аядай ғана ауыл. 940 адам тұратын бұл ауылда 148 отбасы түтін түтетіп отыр.

Пандемия тұсында осы ауылға әкім болып тағайындалған Қабылбек Шариповтың айтуынша, коронавирус өршіп тұрған тұста қызылөзендіктер интернеттің баяулығынан әбден қиналған. Тіпті өңірді жайлаған қуаңшылық кезінде мал басын бірдейлендіру базасына тіркеуде біршама қиындық болып, мамандар аудан орталығына қатынап жұмыс жасаған. Содан ауыл басшысы бұл мәселені облыс әкімдігінде өткен жиналыстарда көтеріп, көп ұзамай ауылға кең жолақты интернет те жеткен. Әкімнің өзі де осы мекенде туып-өскен, өзі бас-көз болып отырған ауылдың бүкіл мәселесін бүге-шүгесіне дейін біледі. Сондықтан ауылдастарының ақпарат ағынынан қалмауын ойлап, кең жолақты интернет орнатуға алғашқы болып кіріскен де өзі екен.

“Оқу жүйесі онлайнға ауысқанда оқушылар мен студенттерге оңай болмады. Облыс әкімдігінде өткен жиналыстарда біздің ауылдағы интернеттің баяу екенін ескертіп жүрдім. Цифрлық технологиялар басқармасы құжаттарды реттеген соң көп күттірмей ауылымызға жылдам желі де жетті. Базалық станцияны Beeline компанияясы орнатты. Енді ауылымызда жоғары жылдамдықты 4G байланысы бар. Айтқандай-ақ, байланыс жақсы болғандықтан тұрғындардың көбі Beeline операторына ауысып жатыр”, - дейді Қабылбек Шарипов.

Осы жерде әкім көптеген ірі аудан орталықтарында байланысты жақсартуға кетергі болып жатқан радиофобия мәселесін де сөз етті.

«Шүкір, ауыл тұрғындарының арасында радиофобияға шалдыққан адамдар жоқ. Бағана қауіпті болса, адамдар ұялы телефон да ұстамас еді.

Интернет жылдамдығының жақсарғанына әкімнің өзі қатты қуанғанын жасырмайды. Өйткені облыс орталығында өтетін жиындарға онлайн қосылатын жағдай көп болады екен. Енді міне өзі де маңызды жиналыстарға емін-еркін Zoom қосымшасы арқылы қатысып жүр.

“Ұсынысымыз қолдау тапқаннан кейін Beeline компаниясының қызметкерлері келіп, өз жұмысын дереу аяқтап кетті. Біз оны тіпті байқамай да қалдық. Енді ауылдағы кәсіпкерлер де аудан орталығына бармай-ақ, тапсырыстарын интернет арқылы алаңсыз алдыртады. Әлеуметтік желіде белсенді азаматтарымыз да блогын қиындықсыз ғаламторға жүктеп отыр”, - дейді ауыл әкімі.

Интернет сапасының жоғарылағанына ауылдағы ветеринарлық станция мамандары қуанышты. Өйткені ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен күнелтеді, ал мамандар әрбір аналық мал басын арнайы базаға тіркеу керек. Былтыр Маңғыстау өңірінде қуаңшылық болып, шаруаларға үкіметтен бір реттік көмек берілген еді. Ол үшін әр шаруаның аналық мал басын бірдейлендіру базасына тіркеу міндеттелген. Ауылдың ветеринарлық станция маманы Динара Әбиеваға шаруалардың төрт түлігін базаға тіркеу үшін аудан орталығына қатынауға тура келіпті. Өйткені ауылда интернет жылдамдығы баяу болған. Алайда Beeline-ның базалық станциясы орнатылған соң мәселе оң шешімін тапқан.  

“Бұрын шаруалардың малын бірдейлендіру базасына тіркеу үшін аудан орталығына барып келетінбіз. Кең жолақты интернет қосылғалы ешқайда шықпай-ақ, 202 мал басын тіркеп үлгердім”, - дейді Қызылөзен ауылының ветеринарлық станция операторы Динара Әбиева.

Қызылөзен мәдениет үйінің директоры да қолжетімді интернет қосылғалы бері жұмыстың қызу жүріп жатқанын айтады. Өйткені мәдениет үйінде өтетін әрбір шараға сценарий жазып, көрнекілік үшін түрлі бұйымдар жасап ерекше шара ұйымдастыруға ғаламтордың көмегі зор екен.

“Мәдениет саласының дамуына өз көзқарасымызды кеңейту мақсатында әлеуметтік желілер мен ғаламтордың көмегіне жүгінеміз. Қазір ақпарат тез тарайтын заман болғаннан кейін өз саламыздағы өзгерістерден лезде хабардар болуымыз керек. Сценарий жазатын мамандар үшін кітаптан табыла бермейтін қазіргі заман мәдениет майталмандары туралы ақпарат жинау қиынға соғатын. Енді міне ауылымызға кең жолақты интернет бағанасы орнатылып, еш қиындықсыз жұмыс жасап жатырмыз”, - дейді Қызылөзен ауылдық мәдениет үйінің директоры Наташа Нұрқуатова.

Бұдан басқа туыстары өзге аймақта тұратын ауыл тұрғындары үшін жылдам интернеттің қосылғаны қуанышты жаңалық болған. Өйткені мыңдаған шақырым алыстағы ағайынға барып келу мүмкін бола бермейді, дейді олар. Сондықтан видеоқоңырау арқылы байланысып, сағынышын басып тұрады екен.

“Интернет жақсарғалы Атырау мен Алматыдағы туыстарымызбен қазір видеоқоңырау арқылы емін-еркін байланысып тұрамыз. Бұрын сапасы нашар еді. Қазір қуанып жатырмыз. Коммуналдық төлемдерді енді осы жылдам желінің арқасында смартфон арқылы төлеп отырмыз. Облыс орталығынан тапсырыспен киім-кешек аламыз. Алыс жердегі туыстарға қаражат жіберу де оңай болды”, - дейді ауыл тұрғыны Гүлшара Бектұрғанова.

Алақандай ауылда бар-жоғы үш азық-түлік дүкені бар екен. Соның біріне бас сұғып едік, дүкендегі сауда қызып жатыр екен. Бақылап тұрғанымызда сатып алушылардың көбі төлемді қолма-қол емес, қиындықсыз онлайн аударым арқылы жасап жатыр екен. Дүкен сатушысы бұрынғыдай тұтынушыларға қайтаратын ақша таппай қиналмаймын дейді. Айтуынша, ауылдағы кең жолақты интернет оның жұмысын жеңілдетіпті.

“Қазір ауылдың тұрғындарына онлайн аударым жасау ыңғайлы. Интернет жақсарғалы мұндай төлем жасайтындардың қатары артты. Дүкенге тауар әкелу үшін де қалаға барып жүрмейміз, интернеттің көмегімен тапсырыс береміз, өздері жеткізеді”, - деді дүкен сатушысы Ақмарал Таңатова.

Ауылдағы жастардың бірі Роман Қартбай бүгінде әскердегі інісімен жиі-жиі хабарласып тұрады. Интернет желісі жақсарған соң Отан алдындағы борышын өтеп жүрген інісіне мүмкіндік туғанда видеоқоңырау арқылы байланысады.

“Байланыс мұнарасын орнатуға атсалысқан ауыл әкімі де, мобильді оператордың мамандары да жарады. Бүкіл ауыл халқы қуанышты. Өзім де әскерде жүрген ініммен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, мәз-мейрам болып жүрмін”, - дейді Роман Қартбай.

Айта кетсек, үкімет әзірлеген "250+" жобасы басталғалы бері Beeline Қазақстан 1500-ден астам ірілі-ұсақты ауылға кең жолақты желі орнатты. Олардың кейбірінде байланыс пен интернет мүлдем болмаған. 

Beeline-ның ресми сайтында интернет орнатылған елді мекендердің тізімін, сондай-ақ желі құрылысының интерактивті картасын таба аласыз. Vigo дерегінше Beeline Қазақстан бойынша №1 байланыс операторы. Қазіргі таңда оператор еліміздің 10 миллионнан астам абонентіне қызмет көрсетеді. 

Талқылау