Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көмекке мұқтаж: Жамбыл облысының тұрғыны анасы жоғалып кеткендіктен құжатсыз жүр

Жамбыл облысы Саудакент ауылында Дамира есімді бойжеткен тұрады. Өзінің айтуынша, жасы 18-де. Алайда бір құжаты жоқ. Анасы 4 жыл бұрын тастап кеткен. Не әкесінің кім екенін білмейді. Анасы болмағандықтан құжатын рәсімдеу мүмкін болмай тұр. Осы себепті бойжеткен көмек сұрап келді. 

Бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды.

Дамира Кенжеева анасы Қарлығаш Кенжееваны іздейді. Өзі әпкесі Зарина мен әжесінің қолында тәрбиеленді. 8-сыныпқа дейін мектепте құжатсыз оқыған. Бүгінде анасының, әкесінің, тіпті өзінің кім екенін білмей дал болған Дамира көмекке мұқтаж. Анасына деген реніші қара қазандай. 

"Мен анамның менің анам екеніне сенбеймін. Егер анам болса, неге мені тастап кетті? Неге мені іздемейді? Неге мен құжатсыз жүрмін? Әкемнің кім екенін де айтқан емес. Мүмкін өзі де білмей жүрген шығар. Анамның өзінің менің анам екеніне күмәнданамын. Бұрын сағынып іздейтінмін, қазір мүлде іздемеймін", - деді Дамира. 

Әпкесінің айтуынша, анасын күткен Дамира бүл күні өзіне қол жұмсау жайлы жиі айтып жүр екен. 

Дамираның әпкесі Заринаның айтуынша, Қарлығаштың қайда кеткенінен бәрі бейхабар. 

"Ол бала күнінен мінезді қыз болды. Бұзық болды. Ата-ананы тыңдаған жоқ. Жүкті екенін де көрген жоқпыз. Дамираны қызым деп кішкентай кезінде әкелді. Кейін кетіп қалды. Кейін қайта келді. Кейде жақсы ана секілді. Кейде мүлде қарамайды. Ішімдікке әуес еді. Балағаттап сөйлейді. 4 жыл бұрын қайда кеткенін білмейміз. Содан бері хабар жоқ. Дамира мүмкін туған қызы да емес шығар", - деді Зарина.



Анасының қайда екен көріпкел, мыстан Ханша болжап көрді. 

"Мен шекараны көріп тұрмын. Ыстық жерді көріп тұрмын. Әйелден ішімдіктің иісі шығады. Лас иіс шығады. Қасында бір ер адам бар. Оның қызы жүрегінде. Бірақ есіл дерті еркектерде. Әркім өз өмірін сүреді деп ойлайды. Қызы өскен соң тұрмысқа шығады деп өзін жұбатады. Анаң жаман адам емес. Ешкімнің айтқанына сенбе. Анаң жақсы адам. Анаңмен әлі кездесесің. Сырты сұр түсті кішкентай бөлмеден көріп тұрмын. Анаң тірі", - деді Ханша.  

Алайда Дамира мен әпкесі Зарина көріпкелдерге сенбейтінін алға тартты. Себебі мұның харам жол екенін айта келе, бір Аллаға сенетінін жеткізді. 

Қарлығаш Кенжееваның 4 жыл бұрын жоғалып кеткенінен сол өңір әкімдігі хабарсыз. Алдағы уақытта Қарлығашты іздеуге, Дамираның құжатын рәсімдеуге көмектеспек. 

"Мен 8-сыныптан соң мектепке бармадым. Себебі, мен базарда сатушы болып жұмыс істедім. Анам қасымда болмады. Менің киетін киімім болмады. Жағдайым болмады. Мектеп мұғалімдері іздеп келгенде, солай айттым. Содан кейін мені іздемеді", - деді Дамира. 

Дамира сабақты жақсы оқыған. Құжаты болса, оқу орнында білім алуды армандайды. Бағдарлама қонақтары мен сарапшылары Дамираға қолынан келгенше қолдау көрсетіп, ақшалай көмектесуге уәде берді. 

Талқылау