"Оның бойында баяғы батырлардың қайсарлығы бар": Танымал әнші басы дауға қалған Төреғали Төреәлінің әрекетін ақтады
"Көлсай көлдері" ұлттық саябағының аумағында гидті соққыға жыққаны үшін қазақстандық танымал әнші Төреғали Төреәлінің басы дауға қалған еді. Жасаған қылмысы үшін тергеу изоляторына қамалып, жақында төлем жасап шыққан жұлдыздың айтуынша, ол азаматты жұмысына кедергі келтіргені үшін ұрған. Осы оқиғадан кейін өнердегі басқа да жұлдыздар әріптестерін қолдап, өз пікірлерін білдірген. Солардың бірі – әнші Майра Ілиясова, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Майра Ілиясова "1001" түн бағдарламасына берген сұхбатында Төреғалидің ерсі қылығын оның бойында батырлардың қайсарлығы барын, сондықтан тез намыстанып кететінін айтып, ақтауға тырысады.
"Қазір, жасыратыны жоқ, әйел тектес ер адамдар көбейіп кетті. Ол сұғынып, не ішіп-жеп қарауы мүмкін. Бәлкім, Төреғали жәй еркін спорттық киіммен келіп қалуы мүмкін. Соны сынаған көзбен қарауы мүмкін. Төреғали тектен-тек тиіспейді", – дейді ашығын айтқан әнші.
Өнер жұлдызы Төреғалиді "өте эмоционалды жігіт" деп сипаттайды. Әншінің сөзіне сенсек, ол ешқашан өнердегі інісінің дөрекі қылығын көрмеген.
- "Басы жарылып, көзі шыққан дәнеңе жоқ": Мейрамбек Бесбаев дауға қалған әріптесін қолдады
- "Кешірмеймін": Төреғали Төреәліден таяқ жеген жігіт сұхбат берді
"Түймедей нәрсені түйедей қылып адамның жүрегін ауыртады. Бұл мәселені дұрыс шешіледі деп ойлаймын. Кешірім сұрау керек болса, айтар. Бір отбасы екі жаққа айырылысайын деп жатқанда да кінә екі жақтан да болады ғой. Сол сияқты бір нәрсе Төреғалидың шамына тиген. Өйткені, біз жақын жүрміз. Жиі концертке шығамыз. Қасымызда жүреді. Тойда кезігеміз. Ешқашан дөрекілігін көрген жоқпыз. Өте мәдениетті. Мен өзім солай танимын", – деп түйіндеген Майра Ілиясова.
Еске салайық, оқиға 28 қыркүйекте Алматы облысы Кеген ауданындағы Ұлттық парк аумағында болды. Әлеуметтік желіде белгісіз жігіт Төреғали Төреәлі оның қабағын жарып, жұдырықтағанын жеткізген еді. Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде тіркелді.
Құқық бұзушылық Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркеліп, Төреғали Төреәлі қамауға алынған болатын.
Айта кетсек, уақытша ұстау изоляторында отырғанда Төреғали Төреәлі Көлсайда болған жағдай бойынша өз нұсқасын айтқан болатын.
Оның сөзінше, жанжал жаңа клиптің түсірілімі барысында шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Өзара ерегіс соңы әншінің жұдырық жұмсауымен аяқталған.