Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кешірмеймін": Төреғали Төреәліден таяқ жеген жігіт сұхбат берді

Төреғали Төреәлі Көлсай көлінде жас жігітті себепсіз соққыға жықты деп Қазнетті шулатқан еді. Әншіден таяқ жеген Бекарыс Қожбанов "1001 түн" бағдарламасына сұхбат беріп, оқиғаның қалай болғанын, неден өрбігенін баяндады. Ол Төреғалиді кешірмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

20 жастағы Бекарыс Қожбанов Көлсайда туристерге гид қызметін көрсетеді. Оқиға болған күні ол әдеттегідей елге келген қонақтарға Көлсайдың әсем жерлерін көрсетіп жүрген. Сонда әнші Төреғалидің де демалып жүргенін байқаған. 

"Туристердің арасында Мәскеуден келген бір кісі болды. Соған Төреғали ағаны таныстырып: "Біздің танымал әнші", - деп мақтадық. Сосын ол кісі шамамен 5 секундтай Төреғалиға қарап тұрған екен. Содан келіспеушілік басталды. Төреғали: "Сен маған неге қарайсың?" - деп жаман сөздер айтты. Біраз жерге апарып тастады. Ол кісі қазақша түсінбейді де.

Бір кезде Төреғали жоғарыға көтеріліп кетті, турист кісі де артынан ерді. Біз де "бәлесінен аулақ" деп артынан бардық. Төреғали менің түрімді жаттап алып, маған бас салды. Көлігінен түсіп, жағамнан алып, ұрды", - дейді Бекарыс Қожбанов.



Әншіден таяқ жеген жігіт Алматы облысы, Кеген ауданының полиция бөлімшесіне арызданған. 

"Қабағым жарылды, гематома пайда болды. Одан өзге жарақат жоқ. Бірақ денеме де соққылар алдым", - дейді Бекарыс. 

Зардап шегушінің айтуынша, әнші оқиғадан кейін кешірім сұрап хабарласпаған. Бекарыс Төреғали Төреәліні кешірмейтінін, істі соңына дейін жеткізетінін мәлімдеді.

"Кешірмеймін. Бұл кісіні халық көтеріп отыр, түсіретін де халық. Істі соңына дейін апарамын. Әнші болса да, президент болса да, бұлай себепсіз ұруға болмайды", - деп түсіндірді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Төреғали Төреәліге қатысты оқиғаны полиция тергеп жатқаны туралы хабарланған еді. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Талқылау