Вице-премьер Жұманғарин Қазақстанның Ресеймен "сауда соғысы" бар-жоғын айтты
Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин "Россельхознадзорға" қатысты жағдайға түсініктеме берді. Оның айтуынша, Ресейдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына енгізген шектеулері Қазақстанға аса қатты әсер етіп отырған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы әкімдігі
Серік Жұманғариннің сөзінше, бұл өзгерістер негізінен Өзбекстаннан келетін өнімдерге қатысты.
"Мұны анық түсіну керек. Бұрыш, қызанақ, қауындар, олар Қазақстанға әкелініп, тазартылып, кейін қайта экспортталады", – деді Жұманғарин.
Бұл қазақстандық фермерлерге емес, қайта экспорттаумен айналысатын нақты кәсіпкерлерге қатысты деп түсіндірді вице-премьер. Оның айтуынша, Қазақстан Ресеймен осы мәселелерді талқылап жатыр.
"Біз үшін Ресей Федерациясы арқылы өтетін өнімдеріміздің транзитіне мұндай тыйым салынған жоқ. Бұл тұста "Россельхознадзор" берген шешімде "тыйым жоқ" деп жазылғанын анық айту керек. Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін өнімдерге тыйым салуды қоспағанда. Бұл өте маңызды тармақ", – деді премьер-министрдің орынбасары.
Бұдан бөлек ол Қазақстанның Астық одағындағы азаматтарға "сауда соғысы" терминін қолданбау жөнінде ескертті. Оның пікірінше, мұндай терминдерді қолданатын мәлімдемелерді олар журналистер алдында өз маңызын көрсету үшін жасайды.
"Астық одағындағы кейбір азаматтар "сауда соғысы" секілді термин қолданып жатыр. Мен олардың бұл сөздермен нені айтып жатқанын түсіне де алмаймын. Әр ел өз саудагерлерін қорғай отырып, меркантилизм саясатын жүргізе алады, бірақ белгілі бір дәрежеде", – деді Жұманғарин.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің ветеринариялық және фитосанитарлық қадағалау федералды қызметі Қазақстаннан бірнеше ауылшаруашылық өнімдерін, соның ішінде бидайды, жасымықты және майлы зығыр тұқымдарын импорттауға уақытша тыйым салды. Осы ретте мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров отандық астықтың экспорты үшін Ресейден басқа логистикалық бағытты іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, біздің елдің азаматтары сол үшін айыппұл арқалап, қарайған шығынға батып жатқан жайы бар. Ол "Россельхознадзордың" осындай әрекеті биыл жинадық деп жар салған 25,2 миллион тоннаға дейінгі астықтың пайдасын экономикамызға тимеу қаупін төндіріп отырғанын айтты.