Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өнертапқыш-инженер 5G желісін виртуалды ойында қалай қолданатынын айтты

Абылайхан Жақанов – өнертапқыш-инженер, Game of Drones компаниясының негізін салушы. Инженер дрон, ойыншық көлік пен ұшақты әлемнің кез келген нүктесінен басқаруға мүмкіндік беретін айрықша платформаны әзірлеген. Дрондар Алматы қаласында арнайы дайындалған ангар ішіндегі жолда жүреді. Бүгінде ойын тек Қазақстанда ғана емес, әлемде де танылып, инвесторлар көз тіккен үлкен жобаға айналды. Стартап иесі Абылайхан өз оқиғасымен бөлісіп, жобаның ерекшеліктері және келешегі жайлы айтып берді. Сондай-ақ тілшіміз Kcell Auleti ұсынған 5G желісі арқылы Game of Drones ойынын ойнап, виртуалды ойын мен шынайы эмоциялар тоғысқан әлемге қосылып көрді. 

Game of Drones стартапының негізгі принципі ойыншылардың шынайы дрондар мен көлік модельдерін онлайн, яғни қашықтан басқара алуында. Өнертапқыштың сөзінше, мұндай жүйенің арқасында қолданушылар ойыннан ерекше әсер алады. Ал Қазақстанда Kcell операторы ұсынған 5G желісінің қарыштап дамуы стартаптың әлемге танылуына септігін тигізген. 

Айта кетері, бүгінде Алматы қаласында Kcell-дің жаңа буындағы базалық станциялары күн санап көбеюде. Ал Қазақстан бойынша 470-тен астам базалық станция, бір ғана Алматы қаласы бойынша 170-ке жуық 5G станциялары орнатылып, халыққа жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз етуде. Ал бесінші буын байланыс желісін пәтерлерге жеткізген "Kcell Auleti" жобасы қазіргі таңда 6 қалада: Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау, Қарағанды қалаларында қолжетімді.

Game of Drones жобасы 2017 жылы бастау алған. Ал 5G желісінің келуімен жобаның екінші тынысы ашылды. Абылайхан Жақанов алғашқыда жобаны жүзеге асыру үшін санаулы адам жұмыс істегенін айтады.

"Бұрынғы жұмысымнан қалған кішкентай компьютерлер көп еді. Бос тұрған соң оларды да іске жаратуды ойлап, алдымен оған камера қосуды, сосын дрондармен байланыстыру туралы идея келді. Game of Drones-ты әріптестеріммен бірге жүзеге асырдым. Бірақ алғашқы 5 жылда ешқандай инвестиция болмады. Сондықтан барлығын өз қаржымызға жасадық. Өнімді көпшілікке ұсынуға дайын болғанда ғана инвесторларға таныстырдық", – дейді ол.

Стартапердің айтуынша, Game of Drones жобасы тұрақты жұмыс істеуі үшін сапалы интернет қана керек. 

"Қазір виртуалды ойындар көп қой, бірақ көлікті басқарғанда шынайы эмоция ала алмайды. Ал мұнда көлікке орнатылған камера арқылы шынайы жолда шын көлікті басқарады, сәйкесінше алатын эмоция да бөлек. Көліктер шағын болса да, жылдамдығы сағатына 200 километрге жетеді. Сонымен қатар ұшақтар мен танктер бар. Топ болып жиналып, танктермен ойнап, біздің ангарымызды шағын "текетірес алаңына" айналдыруға болады. Қазір танктің үлкен моделін әзірлеп жатырмыз, үстіне зеңбірек пен пулемет орнатамыз", – деп түсіндірді Абылайхан Жақанов. 

6 жылдың ішінде ойынға 8000 мыңға жуық адам қосылса, тұрақты ойыншылар саны 1200-ге жетіпті. Stan.kz тілшісі де сұхбаттан соң Game of Drones-қа қосылып көрді. Бұл үшін Kcell Auleti ұсынған жоғары жылдамдықты 5G желісін қолданды. 

Ойынға қосылу көп уақытты қажет етпейді, бұл үшін арнайы сілтеме болса жеткілікті. 

Платформаға қосылған соң көлікке орнатылған камерадағы бейне бірден шыға келеді. Алдымен компьютермен ойнап көрдік. Жоғары жылдамдықты интернеттің арқасында көлікпен байланыс тез орнатылды. Оның үстіне бейненің сапасы жоғары екен. Көлікті басқару кезінде алған әсер мүлде бөлек, себебі барлығын сезінесің. Жылдамдық пен ойынның физикасын өзге ойындармен салыстыруға келмейді. 

Ал екінші ойында VR-көзілдірігін де қостық. Бұл кезде өзіңді құдды көліктің ішіне кіріп кеткендей сезінесің. Виртуалды әлем мен шынайы эмоция тоғысқан бұл ойынға жоғары жылдамдықты интернеттің тигізер пайдасы зор екенін де түсіндім. Себебі бізден ондаған шақырым қашықтықта орналасқан көлікке бұйрық батырманы басқан сәтте жетуі өте маңызды. 1-2 секундтық кідірістің өзі ойын барысын толығымен өзгертіп жібереді. Жарыста бірінші келе жатқаныңмен, интернет әлсіз болса, соңында қалуың мүмкін.

Абылайхан Жақановтың айтуынша, ойында ешқандай кідірістер болмауы үшін өз өнімдерінде тек замануи технологияларды пайдалануға тырысады екен. Тіпті Қазақстанға соңғы буындағы интернет орнатыла бастағанда алғашқылардың бірі болып 5G-ді сынап көріпті. 

"Мысалы, интернет әлсіз болса, бұйрық кідіріп жетеді. Тіпті бейне сіздің компьютеріңізге немесе приставкаңызға 2-3 секундқа кешігіп жетуі мүмкін. Мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін Қазақстанға 5G орнатылатынын ести салысымен жаңа өнімдерді сатып алдық. Себебі мұндай озық технология біздің стартапқа пайдалы екенін түсіндім. 5G-дің тағы бір артықшылығы серверге көп адам қосылғанда интернет баяулап қалмайды. Біздегі абоненттердің 5G желісінің орташа жылдамдығы 300-400 мбит/сек. Бұл бізге жеткілікті, сондықтан отандық операторлардың қызметіне көңілім толады", – деп қосты ол. 

Алдағы уақытта жоба авторлары Game of Drones-ты көпшілікке таныстыру үшін турнир өткізбек. Апта сайын жеңімпазға шынайы көліктің кілті табысталады. 

"14 елде киберспорт турнирін өткіземіз. Осылай әлемнің әр елінен қосылатын ойыншылар санын арттырғымыз келеді. Турнир апта сайын өтеді. Әр аптада жеңімпазға шынайы көліктің кілтін табыстаймыз. Әлемде дәл осы спорт түрінен жарыс өткізген алғашқы компания атанбақпыз. Бірақ қазір жобада үзіліс жарияланды. Себебі күн суытты, ал бұл жер салқын. Шағын цех те, жарыс жолы да осында. Ал ойыншылар қосылған соң көліктердің батареясын ауыстырып отыру керек", – деді Абылайхан Жақанов. 

Өнертапқыштың айтуынша, бүгінде жобаны дамытуға атсалысып жүргендердің саны 20-ға жуық. Бірақ келесі жылы қызметкерлер санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отыр екен.

"Қазір осы жерде пластамассаны ерітіп, көліктің корпусын әзірлейміз, қосалқы бөлшектерін дайындаймыз. Жақында үлкен цех аштық. Ол жерде көліктерге қажетті бөлшектердің 60-70%- өзіміз әзірлейміз. Қалған бөліктерін Еуропадан, Қытайдан тапсырыспен аламыз. Келер жылы компания үлкейеді деп ойлаймын. Жобаның болашағына сеніп отырған инвесторлардың арқасында Game of Drones әлемге танылады", – дейді өнертапқыш-инженер. 

Стартапер Game of Drones жобасында қолданған Remote Reality технологиясын дамытса, тіпті әскери қорғаныс саласына да енгізуге болады дейді. 

"Remote Reality технологиясының болашағы жарқын. Қажетті қаржыландыру болса, тек ойын саласында ғана емес, дронмен жеткізу қызметі, өрт сөндіру, қауіпсіздік, қорғаныс саласында да пайдалы. Қазір Game of Drones жобасын аяққа тұрғызып алсақ, аталған салаларға да ауысудың кезі келер деп ойлаймын", – деп түйіндеді Абылайхан Жақанов.

Талқылау