Өнерлі жастар автобус ішінде Мұқағалидың өлеңдерін оқыды (видео)
Алматыда автобус ішінде жастар ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыған. Бұл туралы Серікбол Хасан өзінің фейсбуктағы парақшасында жариялады.
“Автобуста келе жатқам. Жастар жағы бүгін Мұқағалидің туған күні екенін хабарлап, өлең-жырдан жіберді. Бірін-бірі жалғап әкетті. Осылайша, автобустағыларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Жарайсыңдар, СДУ-дың студенттері!” – дейді Серікбол.
Ақын өлеңдерін жатқа соққан жастар осы арқылы ақын рухына тағзым жасағысы келсе керек. Бүгін Қарасаздан шыққан қарымды ақынның туған күні. Ақын 1931 жылы қасиетті Нарынқол өңірінде дүниеге келген.
Мұқағалидің “Қарлығашым, келдің бе?”, “Дариға жүрек” (1972 ж.), “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің” (1975 ж.), “Соғады жүрек”, “Шолпан”, “Жырлайды жүрек”, “Өмір-өзен”, ”Өмір-дастан” және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, “Қош, махаббат!” (1988 ж.) атты прозалық кітабы бар. Оның халқына қалдырған шығармашылық мұрасы, әрине, көп. Олар әлдеқашан халық қазынасына айналған.