Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ондай құрбысы болмаған": Абай облысындағы өрттен қаза тапқан Мейрамгүл Жиенбаеваның туыстары оның жүкті болғанын жоққа шығарды

Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқан Мейрамгүл Жиенбаеваның жүктілігі туралы ақпаратты туыстары жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айта кетсек, Мейрамгүл Жиенбаева "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалы Успен орманшылығында қызмет еткен. Абай облысындағы өртті сөндіруге шығып мерт болған еді. 

Кеше БАҚ-та Мейрамгүлдің құрбысы Шолпан Кенжебаеваның оның жүкті екенін айтқаны туралы ақпарат тараған. Алайда бұны туыстары жоққа шығарып отыр. 

“Жоқ бұл ақпарат өтірік. Растамаймыз. Бұл ақпараттың қайдан таралғанын білмейміз. Шолпан деген құрбысы айтты деп бәрі жазып жатыр. Оның бұндай құрбысы мүлде болмаған”, – дейді туысқан әпкесі Сайран Тасқымбайқызы. 

Сонымен қатар туысқан әпкесі сіңлісімен өрт болатын күні не деп сөйлескендерін айтты. 

“Ол жақта интернет болмайды. Тек телефон арқылы жазысып, хабарлама алысатынбыз. Өрт болатын күні “ бізде орман өртеніп жатыр” деп фотосурет жіберді. Кешке қарай әпкесіне дауыстық хабарлама жіберіп, “Гуля мен өртке кетіп бара жатырмын” деп айтқан екен. Одан кейін хабар ала алмадық”, – дейді ол. 

Әпкесінің сөзінше, Мейрамгүл Жиенбаеваның денесін отбасы әлі күнге дейін сараптамадан ала алмай отыр.  

“Бүгін сағат төртте ДНҚ сараптамасы шығады деді. Бес күннен бері экспертизадан ала алмай жүрміз. Бүгін алсақ жерлеу рәсімі сенбі күні болады. Артында екі баласы қалды. Ең үлкені – 15 жаста. Кішкентайы төрт жаста. Күйеуі өзімен бірге жұмыс істейтін. Жолдасы – бастығы, өзі соның қоластындағы қызметкер болған. Сол күні Семейге сессияға кетіп қалған. Әйтпесе екеуі де ажал аузында кететін бе еді?”, – дейді Сайран Тасқымбайқызы. 

Сондай-ақ әпкесі бүгін Мейрамгүл Жиенбаеваның отбасына облыс әкімдігі екі бөлмелі пәтер табыстайтынын жеткізді. 

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.

Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

13 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.

14 маусымда төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінің толығымен ауыздықталғанын айтты.

Талқылау