"Ондаған жылда болмаған дағдарыс": Тоқаев Трамптың енгізген тарифына қатысты алаңдаушылық білдірді
Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңызда ғалымдармен кездесіп, қазіргі әлемдік ахуалға тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Президент әлем кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді.
“Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы "тариф майданын" ашқан соң, өндіріс пен сауда тізбегі бұзылды, нарықтар құлдырап, шикізат бағамы тұрақсыздана бастады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз. Қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз. Сондықтан біз осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз”, – деді Тоқаев.
Алайда президентіміз позитивті көзқараста, дүрлігуге себеп жоқ дейді. Сөзінше, сын-қатерлердің бәрін әрдайым өзіміздің басым бағыттарымызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз.
“Сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалына қарамастан, дамудың даңғыл жолын жалғастыра береміз. Негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен орындалады. Кеше үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл жоспарын шұғыл аяқтауды тапсырдым. Бұл өсім қарқыны мен инвестиция көлемін төмендетпеуді көздейді. Бүгінде инвестиция үшін күрес үдеді. Сондықтан әбжіл қимылдауға тиіспіз. Біз барлық сын-қатерге дайын болғанымыз жөн. Жұмыстың бәрін байыппен әрі сенімді түрде атқару керек”, – деді ел басшысы.
Сөзінше, дағдарыстың да өз қайыры бар. Ол басшылық қызметтегі азаматтардың іскерлік қабілетінің бар-жоғын айқындап береді дейді.
“Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сыртқы ахуал түбегейлі өзгерген кезеңде ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін мұның маңызы зор”, – деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 3 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп 180-нен астам елге жаңа салық тарифтерін енгізетінін мәлімдеді. Тізімде 34%-дық тарифпен Қытай да бар.
АҚШ-тың баж салығынан кейін азиялық қор нарықтары құлдырай бастады. Содан соң Трамп тариф енгізуді кейінге қалдыратынын түсіндірді.