Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оң, сол демей барлығын тіркеп берсе": Алматыда оң рөлді шетелдік көлік жүргізушілері наразылықтарын білдірді

Алматыда рөлі оң жақта орналасқан шетелдік көлік жүргізушілері наразылық білдірді. Олар ешкімді бөліп-жармай, тұлпарларын тіркеуге қоюды талап етті. Дегенмен ішкі істер министрлігі байбалам салмауға шақырды. Жауапты ведомство шетелдік көліктерді тіркеу тәртібі әлі де пысықталып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

көлік

Сержан Айсаев жарты жыл бұрын несиеге ақша алып, Армениядан келген рөлі оң жақтағы көлікті тізгіндеген. Сегіз адамға арналған кең машинасы бала-шағасы мен жұмысына да ыңғайлы. Құрылыс саласында нәпақа табатын көпбалалы әке рөлінің қай жақта орналасқанына қарамай, бәрін тіркеуді сұрайды.

“Оң жақ, сол жақ деп бөлмей, барлығын тіркеп берсе. Бұл жердегілердің 80 пайызы несиеге алған. Менің төрт балам бар. Әке-шешемнің қолында тұрамын. Шыны керек, жеңіл көлікке сыймаймын. "Айып тұрағына алып кете ме?" деген үрей болады. Барлығының жүрегінде сондай үрей бар. Сондықтан тіркеп берсе, өзіміздің қазақ нөмірін берсе, біз емін-еркін қорықпай жүретіндей”, – деді Алматы қаласының тұрғыны Сержан Айсаев.

Сержан сынды рөлі оң жақтағы шетел нөмірімен жүрген жүргізушілер "айып тұрағына қашан алып кетеді" деген үреймен күн кешіп жүргенін айтады. Олар қазіргі көліктердің жаңасы мен ескісінің де бағасы удай дейді. Сондықтан бәрі жүрісі жайлы әрі арзан Ресей, Армения, Қырғызстан, Грузиядан жеткізілген көлікті таңдаған. Жолдауды естіп қуанған жүргізушілердің көңілін Ішкі істер министрлігінің ақпараты су сепкендей басыпты.

“Қазақтың балалары еріккеннен алған жоқ қой бұл көліктерді. Өзіміздің сатылып жатқан көліктердің бағасы қандай екенін білесіздер. Бұл көліктерді көңілімізден шыққаннан кейін, бағасын қалтамыз көтергеннен кейін алдық. Бала-шағаны асыраудың қамы. Шыны керек. Сол көліктерді "енді жүргізбейді", "болмайды", "заңсыз" деген үкіметтен сұрайтынымыз, бұрынғы көліктерді қалай қойып берсе, бізді де солай қойып берсін”, – деп қосты Алматы қаласының тұрғыны Ерлан Шыбынтаев

Жалпы алыс-жақын шетелден елге кіргізілген рөлі оң жақтағы көліктердің жартысынан көбі жеті-сегіз орындық минивэндер. Ауыл, аудан, одан қалды қала арасында жолаушы тасымалдап жүргендердің дені де осы машиналар.

“Оң жақ рөлді көліктер қауіпті дейді. Бірақ осыған дейін өткен көліктер де жүр ғой. Ол жүргізетін адамына байланысты деп ойлаймын. Мен бес миллионға алдым. Ал Қазақстанда бес миллионға ойдағыдай көлік ала алмайсың. Бұл бір жағынан жұмысқа, жанұямызға тиімдірек. Сапасы жағынан да жақсы”, – деп мәлімдеді қала тұрғыны Мұхит Есіркепұлы. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 1 қыркүйекке дейін кіргізілген шетел көліктерін заңдастыруды тапсырған. Президент машиналарды тіркеу құны 200-250 мың теңгеден аспау кереін де айтты. Іле-шала ішкі істер министрлігі тіркеу тәртібін жариялады. Алайда жауапты ведомство өкілдері рулі оң жақтағы көліктерді есепке қою мәселесі әлі пысықталып жатқанын жеткізді.

“Заңдастыруға қылмыстық және кеден бақылауынан өткізілмеген автокөліктер кірмейді. Автокөлік шығарылған жылына және экологиялық санатына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім қазір ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып қабылдануда. Полиция шетел автокөліктері бойынша ешқандай арнайы рейд жүргізбейді”, – деді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.

Ішкі істер министрлігі шетел көліктерін келесі жылдан бастап есепке қойылатынын айтты. Қазір 1 қыркүйекке дейін ел шекарасына кіріп үлгерген машиналардың тізімі жасалып, заңдастыру тәртібі пысықталуда.

Ал Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кірмейтін мемлекеттерден жеткізілген көліктердің иелері кедендік баж салығын міндетті түрде төлейді. Рөлі оң жақтағы машиналар тіркеуге іліге ме, ол жағы әзірге белгісіз. Нақты шешім жыл соңында қабылданады.

Талқылау