Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өмірзақ Шөкеев қала тұрғындарының көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтармен кездесті. Жиын барысында қала тұрғындары өздерін алаңдатқан сұрақты өңір басшысының өзіне қойып, жауап алды. 

Биыл әкімдердің есеп беру жиындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" жарлығының негізінде өтіп жатыр. Осыған орай бүгін "Ақжайық" музыкалық мектебінде өңір басшысы қала тұрғындарымен кездесті.

Жиын барысында облыс әкімі Түркістан қаласында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ, қаланы жасыл желекке айналдыру мен көгілдір отынды жеткізу басты назарда екенін жеткізді. Туризм саласының дамуына ерекше назар аударып, Түркістанды түрлендіру негізгі міндеттердің бірі екенін еске салды.

“Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 16 наурызда "Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы" Жолдауын жариялады. Жолдаудың басым бөлігі еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасына, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру және дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін мәселелерге арналған. Сонымен бірге vемлекет басшысы Түркістан облысының құрылуы тиімді және ұтымды болғанын атап өтті. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі едәуір артты десек болады. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнімі 2018 жылмен салыстырғанда анағұрлым артып, 2,6 трлн. теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 707,8 млрд. теңгені құрап, 3,6%-ға артты”, – деді Шөкеев. 

Әкімнің сөзінше, Түркістан қаласының 98%-ынан астам аумағында электр жүйесі іске қосылған. Бұған қоса ол басым көпшілігінде электр қуаты сапалы екенін атап өтті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 99%-ға жетеді деп сендірді ол. Сонымен қатар Шөкеев қала аумағы толығымен газдандырылғанын, бұл өз кезегінде шаһардың экологиясын жақсартуға септігін тигізгенін сөз етті. 

“Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 2021 жылы  жалпы құны 186,6   млрд теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске қосылды. Ауыл шаруашылығында 906,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7%-ды құрады. Егіс көлемі 845500 гектарға орналастырылып, жоспар 2100 гектарға артығымен орындалған. Жаңадан 122 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1467 гектарды құрап отыр. Елімізде экспортқа   шығарылатын ірі қара мал етінің 75 пайызы, қой етінің 40 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Түркістан қаласының инфрақұрылымы толық қаланып, шаһарды дамытудың екінші кезеңі басталды. Санақ нәтижесі бойынша қала халқы 56356 адамға өсіп, тұрғын саны 221 102-ге жетті”, – деді әкім. 

Өмірзақ Шөкеев өткен жылы аймаққа туризм саласына тартылған инвестиция көлемі бойынша облыс республика бойынша көш бастағанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, былтыр өңірге 102 млрд теңге инвестиция құйылған. 

Облыс басшысы алдағы уақытта 40 көшеге жөндеу жүргізу жоспарда бар екенін айтты. Қазіргі кезде 120 шақырымнан астам көшеге тас төселген. Сондай-ақ көшелерге жөндеу жүргізіліп, асфальт төселіп, осы бағытта жүйелі жұмыс жалғасады деп сендірді әкім. 

Сондай-ақ әкім қаланы жасыл желекке айналдыру мен көгілдір отынды жеткізу басты назарда екенін жеткізді. Туризм саласының дамуына ерекше назар аударып, Түркістанды түрлендіру негізгі міндеттердің бірі екенін еске салды.

Шараға келген шаһар тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Бас аяғы 20-ға жуық тұрғын жұмыссыздық мәселесі, тұрғын үй қолжетімділігі, жол сапасы мен қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша жүзбе-жүз жауап алды. 

“Әкімдіктің халық үшін атқаратын басты бағыттары – тұрғындар табысын арттыру, жұмыспен қамту, өмір сүру сапасын арттыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй сапалы білім мен саналы тәрбие, медициналық көмек және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету”, – деді өңір басшысы.

Кездесу соңында Өмірзақ Шөкеев өзекті мәселелерге тоқталып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарларын тізбектеп айтты. Сонымен қатар ол жергілікті әкімдік өкілдеріне қала тұрғындарының өтініштерін басты назарға алуды тапсырды. 

Дидар Халық
Бейсенбі, 31 Наурыз, 2022 19:31
Талқылау