Кинода Қайрат өмірдегі жұбына қалай қол жеткізгенін көрсетпек
Әнші басты рөлді сомдайтын «Қалыңдық» фильмі көрермендерге жол тартпақ. Гүлзира Айдарбекова фильмнің ішінде ұлының жеке өміріне қатысы жоқ сахналардың болатынын айтып ескертті.
Бұл туралы Астана арнасының «Ел аузында» бағдарламасында айтылды.
Қайрат Нұртастың өмірі туралы «Қалыңдық» фильмінің 80℅-ы түсіріліп болды. Ол көрермендерге күзде жол тартпақ. Әнші бұл жолы қолына суық қару алды. Басты рөлдердің бірін оның жұбайы орындамақ.
«Менің қызымды алып қашып кетеді. Жаңа оны іздеп келетін сәтті түсірдік. Артынша оны құтқарамын. Қазір өмірде не болмай жатыр?! Жастарға сабақ болсын деген оймен осы туындыны түсіріп жатырмыз. Жүсіпбек Елебеков колледжінде актерлік шеберліктен білім алғанмын. Сол себепті, сәтті шығады деген ойдамын. Өзім демеушілік етіп отырмын. Осылай болған дұрыс деп ойлаймын. Ешкімге тәуелді болмайсың. Аллаға шүкір, екі аяғым, екі қолым бар. Жұмыс істеп жатырмыз. Халықтың берекесі мен тілегінің арқасында табысқа кенеліп отырмыз», – дейді Қайрат Нұртас.
Әншінің анасы фильмде Қайрат Нұртастың жеке өміріне еш қатысы жоқ сахналардың болатынын айтып ескертті.
«Қайратты сақшылар ұстап алады. Ол өзінің сүйіктісі үшін арпалысып, бір үйге келеді. Жалпы бұл фильм жақсы шығады деп ойлаймын. Бірақ, сынақтар көп болады. Соның барлығына дайын болуым керек. Ішінде шындық бар. Жеке өмірімізге емес, жалпы адам өміріне қатысты көптеген шындық бар», – дейді Гүлзира Айдарбекова.