Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмір сүргім келмейді": 11 ай бойы жалақысын алмаған Аягөз қаласының тұрғыны әділдік іздеп жүр

Абай облысына қарасты Аягөз ауданында жергілікті тұрғын жұмыс берушісінің еңбегін аяқасты еткендігіне наразы. Сөзінше, табан аудармай жұмыс істеген кезі жоққа шығып, жұмыс берушісі бір жылға жуық жалақы төлемеген. Алаяқтықтың аранына түсіп қалдым деген әйел аудандық сотта бармақ бастылық байқалады дейді. Саудагердің назын Stan.kz тілшісі тыңдады. 

Аягөз қаласының тумасы Саламат Саматова әскерилер жиі атізін салатын «Сарбаз» дүкенінде сатушы болып істеген жылдарын құзырлы мекеме өкілдеріне дәлелдей алмай келеді. Оның айтуынша, соңғы рет қолына тигені 2020 жылдың маусым, шілде айларындағы еңбекақысы ғана. Оның өзін бөліп-бөліп алған.

“Мен жұмыс істеген жеке кәсіпкерлік басшысы сол уақытта жол апатына ұшырады. Сосын маған: «Біз саған қарызбыз, ақшамен есеп айырысу мүмкін болмай тұр» деп «Сарбаз» дүкенін жалға берді. Иә, бұл да мүмкіндік еді. Тым құрығанда күнделікті түскен табыстан жоғымды жамап, күнелтуге мүмкіндік алдым”, – деді Саламат Орынғазықызы.

Аягөздік әйелдің сөзінше, 2020 жылы тамыз, қыркүйек, қазан, қараша айларында «Сарбаздың» сатушысы болып жүрді. Желтоқсан айында көлік қағып, алған жарақаттары салдарынан үйде ем-дом алып, жұмыстан бірнеше ай қол үзген. Үш баланың анасының сөзінше, барлық былық биыл көктемнің алғашқы айында басталыпты.

“Наурызда дүкен ішіндегі тауарды менен тартып алды. «Сен әйтеуір жұмыс істеп жатқан жоқсың, заттарды басқа жерге апарып сатамын» деп дөрекілікке басты. «Айлығыңды бермеймін, маған аренданың ақшасын төлеген жоқсың» деп құбылды. «Сіздерді сотқа беремін» деп едім, міз бақпады. Сөйтсем олар еңбек шартын жасасқанда мені алдап соққан екен”, – деді Саламат Орынғазықызы.

Дүкен иесінің қысымына ұшыраған әйел алдымен жергілікті салық инспекциясының есігін қаққан. Дегенмен ол жақтағылар тұщымды ешнәрсе айтпаған. Тауы шағыла бастаған сәтте ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясына қоңырау шалып, ол жақтан «жалақысы өндірілсін» деген жауап алды. Мұнымен қоса саудагер болып жұмыс істеген келіншек Аягөз қалалық прокуратурасына да жүгінген. Алайда қолында еш дәлелі жоқ екенін білген шенділер аудандық ішкі істер бөліміне жүгінуге жөн сілтепті. Сонымен 11 ай жалақы ала алмаған кейіпкеріміз сатушы болып істеген уақытын құжат жүзінде дәлелдей алар емес. Өзінің сөзінше, бар бәле еңбек шартын жасасқан кезде жеке кәсіпкерлік қожайынының кездейсоқ һәм қасақана қол қоймауынан басталған.

“Біздің тараптан заң жүзінде бәрі дұрыс. Жуырда сот болып, шешім шығарылды. Саламат Саматова Еңбек инпекциясына жүгінді, аудандық полиция бөліміне де барған, ол жақтағылар шағымын растамады. Оған несие алып бердік, онысын төлемеді. Дүкенде жұмыс істеген кездері жарықты ұзақ жағып, сол үшін 50 мың теңгені өзіміз төледік. Негізі, 11 ай жұмыс істеп, жалақы алдым деп қолхат та жазып берген”, – дейді жұмыс беруші Бауыржан Рахимов. 

Бұған қоса ол аягөздік әйелдің оларға жалпы сомасы бір миллион теңгеден астам қарызы барын айтты.

“Нақты айтсақ, желтоқсан айына 80 мың, қаңтар айына 50 мың, ақпан айына 80 мың…Сосын 700 мың теңгеден артық мөлшерде несие алған. Бірақ оны өндіріп алу бойынша арыз жазбапты. Бала-шағасы бар ғой. Сот оның шағымын қанағаттандырмады. Ресми шешім әлі қолымызға тиген жоқ. Жалпы, бізде сатушы болып істегені рас, бірақ еңбек шарты болмады, – деді ол.

Дегенмен Саламат Саматова ол қолхатты өз еркімен жазбағанын, үйіне келіп күшпен жазғызғанын алға тартты. Сөзінше, Бауыржан Рахимов осы уақытқа дейін сатушы болып істегенін мойындамаған. 

“Шындығына келмек, мен жұмысқа тұрған жер ешқандай да жеке кәсіпкерлік емес, жай ЖШС екен. Заң жүзінде еш жерде тіркелмеген. Менен тартып алған дүңгіршекті қазір басқаларға жалға беріпті, тиісті лицензиясы жоқ, кассалық аппараттан ада. Мұны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағылар да растады. Дүкендегі түсім дәптерім (выручка), істеген еңбегім қайда қалды сонда? Салық инспекциясындағылар манағы кәсіпкерлерді тексермеген бе?” – дейді әйел.

Терең ойдың тонын жамылған нәзік жанды көз жасын көлдетіп қазір жалдап тұрып жатқан пәтер ақысын төлей алмай, тіршіліктен әбден тарыққан. Президенттің әлеуметтік желідегі парақшасына да жазды. 

Бала-шаға қамы бір жақтан, еңбек дауы бір жақтан жігері құм болған жанды әбден діңгелетті. Амалы құрып, биыл маусым айының басында аудандық соттан жәрдем сұрады. "Жазған өтінішіңіз дәлелсіз" деп келте қиған олар әрі қарай әлекке түсіп жатпапты.

“Аягөзде өтінішіме назар аударып қараған ешкім жоқ. Ерлі-зайыптылар екі жақтап тауарды әкел деп үйіме келе берген соң наурыз айының 14-і күні барлық затты алып кетті. Жападан жалғыз едім, сол жаныма қатты батты. Ел-жұртқа қарызым шаш етектен, 11 айдың жалақысы түссе, содан қайтарармын деп ойлағанмын. Еңбекақымды төледік дейді, шынымен солай болса, шырылдап нем бар? Өмір сүргім келмейді. Шындыққа қашан жетемін?”, – дейді Саламат Орынғазықызы. 

ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, мәселе бойынша тиісті жауап осыдан екі-үш ай бұрын Саламат Саматовға жолданып қойған.

“Аталмыш дүкен жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендіктен тексеріс жүргізу мүмкін болмаған көрінеді. Ендігісі азаматтық сотқа жүгіну қажет. Жалақы мөлшері еңбек шартында белгіленеді. Сондықтан егер қызметкер еңбек шартына қол қоймаса, онда жалақы мөлшері бойынша даулы мәселелер туындауы мүмкін. Еңбек шартын жасамау ҚР Еңбек кодексінің 33-бабы 3-тармағын, жалақы төлемеу ҚР Еңбек кодексінің 113-бабы 1-тармағын бұзу болып саналады”, – деді басқарма басшысы.

 

Дайындаған: Әділхан Есімханов

Талқылау