"Өмір мен өлім мәселесі": 102-ге хабарласып, мүлде жауап ала алмаған адвокат полицияға шағымданды
Белгілі адвокат Жанна Мұхамади полицияға шағымданды. Жол көлік оқиғасына тап болған ол 102-ге хабарласып, мүлдем жауап ала алмағанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жанна Мухамадидің Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Кеше сағат 14:50 шамасында полицияға үш рет хабарластым. Қоңырау мүлде барған жоқ. Сымның арғы жағынан маған: "Бұл абонентпен қазіргі уақытта байланысу мүмкін емес", – деп жауап берді.
Бақытымызға орай, төтенше жағдай туралы емес, жол ережесін бұзуға қатысты хабар беру үшін қоңырау шалдым. Құрманғазының бойынан Фурмановқа бұрылатын жолақты көліктер толығымен жауып қалып, тура жүруге мәжбүр болдым. Алматы қалалық полиция бөліміне дейін жету мүмкін еместігі қынжылтты.
Полиция шақыру мәселесі қашан түпкілікті шешіледі? АҚШ-та 911 нөмірін теру стандарты бар! 22 секунд!
Ал мен біздің полицияға 22 минут бойы қоңырау шалдым, бірақ жауап болмады. Жақында бір әйел менен көмек сұрады. Белгісіз жігіт қызына шабуыл жасап, зорламақ болған екен. Анасы жүгіріп шығып қызына тиіспек болған адамды қуып жіберіпті. Оқиғадан кейін ол полицияға 20 рет хабарласқан, бірақ жауап ала алмаған. Сосын қызымен бірге полиция бөліміне арыз жазуға барған.
Полиция шақыру – өмір мен өлім мәселесі. Бұл сізге жол жиегі немесе асфальт ауыстыру емес. ҚР Ішкі істер министрлігі мен Алматы әкімдігінен адам өміріне тікелей байланысты мәселені тезірек шешуін сұраймын", – деді адвокат Жанна Мухамади.
Жағдайға қатысты Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы қаласы полиция департаменті мен ҚР Ішкі істер министрлігінен сұрау салып көргенбіз, алайда әлі де жауап болмады.