"Өмір бойына мүгедек болып қалды": Өскемендегі ЖЭО-да жұмыс істеп жүріп аяғынан айырылған ер адамға көмек керек
Қаладағы жылу электр орталығында жұмыс істеп жүрген Ержан Сапарғалиев наурыз айының 9-ы күні аяғынан ауыр жарақат алды. Вагондар соқтығысқан кезде оң аяғы тізеден төмен қиылып кеткен. Бір аяғынан айырылған ер адамға қазір жұбайы күнделікті күтім жасап, ем-домын көрсетіп отыр. ЖЭО басшылығы бұл жерде қауіпсіздік техникасын сақтамады деп жұмысшының өзіне кінә артып отырған көрінеді. Stan.kz тілшісі тараптардың пікірін біліп көрді.
Ержан Сапарғалиев
Аяғынан айырылып, ауруханаға жалғыз жеткен
Оқиға түс ауа болды. Ержан Сапарғалиев өз ауысымына шығып, күнделікті күйбеңмен жүрген. Жазатайым жағдай болған уақытта өзіне алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан сауғалан жерді қос қолдап қатты қысыпты. Жұбайы Әсем Азылханованың сөзінше, сағат 15:19 шамасында жарақат алды десе, сағат 16:10 кезінде №1 қалалық ауруханаға жедел жәрдеммен ауыр халде жеткізілген. Ақ халаттылардың алдына әлдекімнің көмегінсіз, өзі барған дейді.
"9 наурызда ота жасалып, көп қан жоғалтуы салдарынан жағдайы күрт қиындады. Сол күннен бастап сәуірдің 4-не дейін ауруханада бірге болдым. Осы уақыт аралығында кәсіпорын басшылығы тарапынан хал сұрау, жағдай білу деген болмады. ЖЭО Бас директоры Айдын Бексолтан "сіздер мұны шулатпаңыздар" деп қаржылай көмек ұсынды. Бірақ ол көмек протез алып, оны салу, салғаннан кейінгі шығынның 50%-ын да жаппайды", – деді Әсем Ермекқызы.
Оның айтуынша, күйеуінің жарасын таңып, көмек беру қажеттілігіне қарай жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Сонымен қатар жазатайым жағдай актісі бойынша кәсіпорын басшылығы 80 пайыз кінәні жұмысшыға артып, қалған 20 пайызын өз мойындарына алып отыр. Өмір бойы мүгедек атанған ер адам сол жерде үш жыл сегіз ай көлемінде жұмыс істеген. Аяғы қиылып қалған сәттен кейін сыныптастары мен жұмыстағы жігіттер қаржылай қолдауын аямаған. Бұл жердегі ең бірінші сауал – бір аяғы жоқ адам қалайша ауруханаға жалғыз өзі жетті? Бірақ ЖЭО басшылығы бұған тұщымды жауап ұсынбаған сыңайлы. Әсем Азылханова бастапқыда қиылып қалған аяғын табу біраз уақытқа созылғанын айтты. Ота жасаған кезде тізе маңына түрлі микроб кіріп, оны залалсыздандыру үшін жоғарылата тағы да кескен. Наурыздың 9-ы мен сәуірдің 4-і аралығында Ержан Сапарғалиевқа екі рет қан құйылыпты.
Ержан Сапарғалиев
Ауруханадан шыққан соң сол күйі тыныштық орнаған көрінеді. Тек 2 мамырда түстен кейін сағат 16:00-де 2 миллион 500 мың теңге Ержан Сләмғалиұлының жалақы алатын банк картасына аударылған. Оған дейін сыныптастары қаржылай көмектесіп, туысқандары мен жұмысшылар қолда бар ақшасын ауруханаға апарып беріпті.
Табыс көзі болмаған соң несие төлеу қиындаған
ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, осыған қатысты бірден комиссия құрылған. Құрамы бекітілген соң, тергеп-тексеру жұмыстары үш кезеңнен тұрды. Соның алғашқысы бойынша, бұл өндірістегі жазатайым оқиға, екіншісінде 80 пайыз жәбірленуші, 20 пайыз кәсіпорын кінәлі, үшіншісінде еңбек инспекциясы өкілі ерекше пікірін жазып, ол жерде 70 пайыз кәсіпорын, 30 пайыз Ержан Сапарғалиев кінәлі деп таныған.
Жұбайы Әсем Азылханова
"Комиссия болған соң бір ғана адам шешім қабылдамайды, оған мүше барлығының пікірі ескеріледі. Ерекше пікір жәбірленуші арыз жазған жағдайда білдіріледі. Осы ретте кеше арыз түсіп, соның нәтижесінде Шығыс Қазақстан облыстық Бас инспекторы 15 жұмыс күні ішінде қорытынды шығарады. Оқиға болған күннен бастап қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталған соң ол материалдарды ішкі істер органдарына жібереміз. Өскемен ЖЭО-мен жәбірленушінің отбасы арасындағы мәселе түбі біржақты болады. Еңбек испекциясы өкілі ретінде айтарым, өндірістегі жазатайым оқиғалардың барлығында заңнама аясында зардап шеккен жұмысшыға өтемақы төленеді", – деді Бақытбек Құрманбекұлы.
Әсем Ермекқызының сөзінше, біріншіден асыраушысынан айырылып отыр. Табыс көзі болмаған соң несие төлеу жағы қиындап барады. Айтуынша, жұбайының бірнеше банкке берешегі бар. Жағдайға байланысты банк қызметкерлеріне несие төлеуді тоқтата тұру туралы өтініш білдірген екен, олар тек үш ай уақыт бере аламыз деген. Оның өзінде өсім пайызы екі есеге қымбаттайды. Ай сайынғы төлем – 300 мыңның шамасында. Бұл күнделікті азық-түлік, дәрі-дәрмек шығынын қоспағандағы есеп-қисап. Ендігі қойып отырған өтініш-талабы – протез салғанға дейін, сосын салғаннан кейінгі шығын мен жол-пұлын ЖЭО-ның өтеп беруі. Бұл үшін кәсіпорын тиісті кепілді қағаз жазып берсе дейді. Айта кетерлік жайт, протезді үш, бес жыл ауыстырылып отыру керек.
Өскемен ЖЭО Бас директоры Айдын Бексолтанның сөзінше, кәсіпорынның Ержан Сапарғалиевті 80 пайыз кінәлі деп санауы техникалық қауіпсіздікті, жұмыс алғышартын дұрыс орындамауымен байланысты. Бірақ кәсіпорын жұмысшылары көмек беруге ниет қылып, 890 мың теңгеден астам ақшаны банк картасына аударған. Ал басшылық мейрамнан кейін 2,5 миллион теңге мөлшерінде қаржылай көмек берген. Заңнама аясында материалдық тұрғыда жәрдем беру жалғасады деп сендірді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
