Омарташылар жанайқайы: Түркістан облысында бал арасы мыңдап қырылып жатыр
Түркістан облысы Шардара ауданындағы омарташылар бал араларының мыңдап қырылып жатқанын айтуда. Тіпті бұл жағдайға олар жергілікті СЭС-ті кінәліп отыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Оtyrar.kz
Бал араларының жаппай қырылып жатқанын Отырар сайты жазды. Дерекке сүйенсек, мұндай жағдайға жақында жүргізілген улау жұмыстары себеп болған. Омарташылар алдын ала ескертпей СЭС қызметкерлері кенеге қарсы табиғатты дәрілеген.
“Кеше түскі мезгілден бастап аралар жаппай өліп жатыр. Қазір мынау 1-2 сағатта жиналғаны. Улайтын болса алдын ала ескертпей ме. Біз араны қамаушы едік қой. Жергілікті газетте 31 наурыз күні дәрілейтіні жайлы хабарлама жарияланды. Ал олар 27-ші наурыз күні улаған”, - дейді омарташылардың бірі.
Ал санэпидемиологиялық орталық мамандары бал араларының дәрілеуден қырылуы мүмкін емес екенін алға тартты. Айтуларынша мұндай жағдай уламай тұрып та тіркелген екен.
“Біз улау жұмыстарын жүргізген алқапта ағаш жоқ. Жазық дала. Дәріні жерге септік. Аралар жерге қонбайды ғой. Бұл бірінші. Ал екіншіден бұған дейін де аралардың өліп жатқанын айтылды. Демек қандай да бір вирус жүруі мүмкін. Сондықтан нақты нәтижені сараптама айта”, - дейді облыстық СЭС бастығының орынбасары Сәуле Сапарова.
Десе де 10 миллионнан аса шығынға батқан омарташылар жағдайды бұлай қалдырмайтынын айтуда. Олар бірлесіп прокуратураға хат жазған. Тіпті мәселені ретке келтіру үшін соттасуға дейін баратынын да хабарлуда.