Жақсылық Омар мерзімінен бұрын босап, амнистияға ілінбейді – Прокуратура

Фото: instagram.com/saktaganovnurymbet
Прокуратура Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға оқылған сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақсылық Омар қызметтік жағдайын пайдаланып, пара алып, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Прокуратура мұндай жағдайда қылмыскер мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмайды және амнистияға да ілінбейді.
Ведомствоның мәліметінше, аталған құқықбұзушылықтар сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатына жатады және мемлекеттік қызметтің негіздері мен қоғам сеніміне қауіп төндіреді. Мемлекеттік айыптаушы іс қараудың қысқартылған тәртібін ескере отырып, заңда қарастырылған ең жоғары жазаны сұрады.
Сондай-ақ сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан оның үстінен шағымдануға болады.
"Мемлекетке масыл болғым келмейді": Экс-әкім Жақсылық Омар сотта соңғы сөзін айтты
Оқыңыз
Еске салайық, 3 сәуірде Өскемен қаласының №2 сотында сот Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, оның мүлкін тәркілей отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ оның Toyota маркалы автокөлігі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Бұған дейін сотта прокурор айыптауды екі эпизод бойынша оқыған. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болып жұмыс істеген кезеңіне қатысты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленуші ретінде танылған адам біреудің өтінішімен қалалық кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу туралы өтініш рәсімдеген. Соның нәтижесінде ол 2021 жылғы Toyota Camry 75 автокөлігін алған. Кейін оның айтуынша, көлікті әкімдік ғимаратына жеткізіп, кілтін тапсырып, содан кейін қайта көрмеген.
Кейін автокөлік үшінші тұлғаның атына қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгідегі көлікке айырбасталған. Тергеу деректеріне сәйкес, бұл көлікті айыпталушы пайдаланған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 миллион теңге деп бағаланған. Осыған байланысты Жақсылық Омарға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша айып тағылған. Алайда сотта жәбірленуші шығынның өтелгенін айтып, ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеген.