Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екітілділіктен қорқудың қажеті жоқ": Олжас Сүлейменов Қазақстандағы тіл мәселесі жайлы

Қазақстандық ақын, жазушы, тілтанушы, саясаткер Олжас Сүлейменов еліміздегі тіл мәселесі жайлы ойын білдірді. Қоғам қайраткері еліміздің латын әліпбиіне түбегейлі көшуге үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді. Бұл туралы ол 31 арнаның "Ащы да болса, ақиқат" бағдарламасына берген сұхбатында айтты. 

Олжас Сүлейменов

"Қазақтар о бастан екі тілді халық болған деп айтқым келеді. Әрбір ұлы халық қалыптасуында екітілділік кезеңін бастан өткерген. Орыстар да, немістерде екі тілді болған. Оны сол халықтың шығармаларынан, сөздіктерінен байқай аламыз. Бұл – мыңдаған жылдар бойы халықтардың байланысының нәтижесі. Халықтардың ықпалдастығы тек тілге ғана емес, мәдениетке, өнерге де әсер еткен. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, моно, яғни біртілділіктен сақтану керек. Монотілділік – бұл үлкен шектеу. Әсіресе қазіргі күні халықтардың қарым-қатынасы күн санап артып келе жатқан шақта жағымсыз дүние. Бүгінде көп тілді болу – өте қажетті дағды. Сондықтан да жастарды біртілділіктен гөрі, көптілділікке үйреткеніміз дұрыс. Көп тіл білу ой-өрісті, жан дүниені дамытады. Мен көптілді болу қажет дегенді қолдаймын", – дейді Олжас Сүлейменов. 

Ол Орта Азиядағы саясаткерлер, қоғам қайраткерлерінің бірыңғай түркі әліпбиін дайындау туралы бастамасына қатысты да пікір білдірді. 



"Еуразияның өзінде 40-тан астам түркі тілді халық бар. Олардың барлығын біріктіру мүмкін емес нәрсе. Меніңше, бауырлас, тілдес ұлттардың бар екенін білген жеткілікті. Атап айтсақ, башқұрт, татар, қарашайлар дегендей. Түркі халықтарының барлығында кездесетін сөздер өте көп", – дейді қоғам қайраткері. 

Сөзінше, латын әліпбиіне түбегейлі көшу – дұрыс емес шешім. 

"Мен кирилл әліпбиін біржолата ұмытып, толығымен латынға ауысып кету керек дегенге түбегейлі қарсымын. Бұл ұлтымыздың ең ақылға қонымсыз шешімі болмақ. Латынды үйренсек те, кирилл әліпбиін ұмытпау қажет. Олардың екеуін де білуіміз керек. Қажет десе, тағы біреуін қосып алсын. Бірақ кирилл әліпбиін қолдануға тыйым салуға мүлдем болмайды. Кирилл әліпбиін ұмыту – біздің жазбаша тарихты ұмытумен бірдей. Өйткені қазақ әдебиеті кирилл әліпбиінің арқасында XX ғасырда ғана жазба түріне ауысқан болатын. Қазақтың ең үздік шығармалары кирилл әріптерімен жазылған. Ал оны жаңа ұрпақ ұмытайық деуі дұрыс емес. Біз кирилл әліпбиінің ұзақ уақыт бойы сақталуын талап етеміз. Кирилл әліпбиі латынмен қатар жүруі тиіс", – деді ақын.  

Талқылау