Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олжас Есентаев: Қазақстандық киберспорт қолдауды қажет етеді

Биыл қазақстандық футбол үшін ерекше жыл болды. Қазақстан алғаш рет FIFAe Nations Series 2022 Әлем чемпионатының қатысушысы атанды. Чемпионат ойындары қалай өткені және Қазақстандағы киберспорттың даму қарқыны туралы пікірін құрама ойыншысы Олжас Есентаев Stan.kz тілшісімен  бөлісті.

Олжас Есентаев киберспортқа 15 жасында келген. Айтуынша, FIFA бағытын таңдауы да кездейсоқ болған жоқ.

«Ағам екеуіміз үйде ойын приставкасын ойнайтын едік. Бәрі содан басталды. Әкеміз футбол жақттықтырушысы, ағам – футболшы. Мен де әуесқой деңгейде футбол ойнайтынмын. Сондықтан, бұл да бір жағынан дәл FIFA-ны таңдауыма септігін тигізді деп ойлаймын. Мен қатысқан алғашқы маңызды жарыс – ҚР чемпионаты еді. Мен бұл жарысқа 16 жасымда қатыстым. Ол кезде біз аумақтық іріктеуді жеңіп алған болатынбыз. Чемпионатта мен төртінші болдым, сол жылы Қазақстанның алғашқы онлайн-чемпионаты өтті. Онда мен бірінші болдым. Әрине, ол уақытта 4 жылдан соң әлемдік деңгейде ел абыройын қорғайтыным ойыма да кіріп шықпаған еді», -  дейді Олжас Есентаев.

Ең маңызды оқиғаға жету үшін көптеген қиындыққа тап болғанына қарамастан, биыл шілде айында өткен Әлем чемпионатын жас жігіт жылылықпен еске алады.

«Серіктесім Ақназар Бексейітов екеуімізге киберспорт бойынша Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алу оңайға соққан жоқ. Оған қатысу үшін күш пен ресурстан бөлек, қаржылық жағынан шығындануға тура келді. Біздің елде қандай да бір жетістікке жетпесең, сені ешкім қолдамайтыны жасырын емес. Негізінен бұл дұрыс та.

Мақсатымызға жетуге сәл-ақ қалғанын көргенде, созып, демеуші іздеуге уақытымыз да болған жоқ. Іріктеу турында Қазақстанды Таяу Шығыс және Африка елдері аумағына қосқандықтан, біздің физикалық дайындығымыз сол елдердің ойыншыларымен тең дәрежеде ойнау үшін соларға ұқсас деңгейде болуы керек еді. Сол себепті біз несиеге ақша алып, жаттығып, өз еліміздің атынан ойын көрсету үшін Дубайға (БАӘ) аттандық. Әлем чемпионаты іріктеуінен өткен соң мен желіге видео жүктеп, ол видео ҚР Футбол федерациясының назарына ілікті. Мұндай нәтижеге жеткеніміз үшін Федерация бізді ақшалай қаражатпен марапаттады. Бұл бізге БАӘ-ге бару үшін алған несиені жабуға мүмкіндік берді. Бірақ барлығынан да Setanta Qazaqstan спорт арнасының қолдауы көп болды. Дәл осы арна елдегі чемпионаттарды ұйымдастырумен айналысып, соның арқасында өз басым осы деңгейге көтеріле алдым. Канал қазірдің өзінде бізге рухани жағынан да, қаржылай да қолдау көрсетіп тұрады.

FIFAe Nations Series 2022 чемпионатынан алған әсерім туралы айтар болсам, бұл мен үшін теңдессіз тәжірибе болды.

Месси мен Криштианудың бүкіл әлемдегі жанкүйерлері секілді, FIFA әлемінде де біздің өз жанкүйерлеріміз бар. Оларды көру ғана емес, бір алаңда ойын ойнаудың өзі керемет сезім сыйлады. Алған әсеріміз көп болды, қатысу арқылы өз қабілетімізге деген сенім күшейді. Біз әлемдік деңгейдегі ойыншылардан артта емес екенімізді түсіндік. Бізге уақыт беріңіздер, сонда өз деңгейімізді көрсетеміз», - дейді киберспортшы.

Олжастың өзі Жезғазғанның тумасы. Алайда шетелде өтетін жаттығулары көп болғандықтан, туған қаласына жиі келіп тұрудың реті көп түсе қоймайды.

«Жезқазғанда ата-анам тұрады. Ал мұнда мен жаңа маусым алдында демалып, күш жинау үшін келемін. Жаттығуларымыз шетелде өтеді, себебі Қазақстанда киберспортшылар үшін тиісті жағдай әзірге жасалмаған. Осы бағытты дамытатын және киберспортшыларды қолдайтын демеушілер табылса керемет болар еді. Мәселен еліміздегі ірі компаниялардың бірі «Қазақмыс» менің туған қаламды дамытуға атсалысады. Біз сияқтыларды неге қолдамасқа? Бұл да елге қосылған үлес, біз кибераренада ел абыройын қорғаймыз және жоғары деңгейде өнер көрсете алатынымызды көрсеттік.

Әрине, киберфутбол және жалпы киберспорт - Қазақстан үшін жаңа сала, көп ешкім түсіне бермейтінін мен түсінемін. Бірақ жақын болашақта біз еліміздің алаңдарында да киберспортшыларды дайындай алатынымызға сенемін. Себебі қазақстандық киберспорттың әлеуеті өте жоғары», - деді ол.

Алдағы жоспары туралы ой бөліскен Олжас бір айдан соң жаңа маусым ашылатынын жеткізді. Жас жігіт ары қарай да белсенді түрде жаттығып, ірі шараларға қатысуға және еліміздің абыройын асқақтатуға ниетті.

Талқылау