Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анашым, мені өлтірді": Жасөспірім бетін пышақпен тілгілеп кеткен 5 жастағы баланың анасы әсерлі мәлімдеме жасады

Астанада жасөспірім бетін тілгілеп тастаған 5 жасар баланың анасы оқыс оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин 

5 жасар Батырды анасы картоп алып келуге дүкенге жіберген. Оқыс оқиға бала сырттан үйге кіріп бара жатқанда болған. 

“Кішкентай баламен үйде отырғандықтан баламды дүкенге картоп алып келуге жібердім. Терезеден қарап тұрдым. Батыр есікке жақындап, домофонға қоңырау соқты. Оған қол бұлғап едім, мәз болып подъезге кіріп бара жатты. Сол кезде жасөспірім есіктің жанында тұрып, басқа қызға тиісіп тұрған. Батыр есікті ашқанда жасөпірім онымен бірге подъезге, кейін жеделсатыға кіріп кеткен”, – дейді Батырдың анасы. 

Әйелдің айтуынша, мұның бәрін бейнекамерадан анық көруге болады. Қан-жоса болған баласын көрген ана абдырап қалған. Батыр 1-қабаттан 4-қабатқа дейін өзі көтеріліп келіп, пәтерге жеткенде құлап қалған.

“Кіре сала “Анашым, мен өліп барамын, мені өлтірді” деді де құлап түсті. Сол сәтте не болғанын түсінбей қалдым. Бетінің бәрі қан-жоса, мына жер де қанға боялды. Абдырап қалдым, көршілерге хабар бердім. Олар жедел жәрдем шақырды. Көрші тұратын Жандос – хирург. Қанды тоқтатуға көмектесті. Ол болмағанда балам көп қан жоғалтар еді. Сөйтіп баланы ауруханаға алып кетті”, – дейді әйел. 

Оқиға орнына дереу жеткен полиция кіре берістегі және лифттегі бейнебақылау камераларын қарап, оқиғаның қалай болғанын анықтады. Айтуларынша, жасөспірім тиісетін адам іздеген. Баланың подъезге кіріп бара жатқанын көріп, соның артынан ерген. Әйелдің сөзінше, кіре берістегі камерадан жасөспірімнің лифтке кіріп, кейін шығып кеткен видосын көруге болады. 

“Алғашында екеуі жеделсатыда бір нәрсені бөлісе алмай қалды екен дедім. Балалар ғой. Сөйтіп баланы күрекпен ұрды деп ойладым. Ал лифттегі видеоны кейін көрдім. Ол лифтті ұстап тұрып, алдымен Батырды күрекпен алдандырып тұрған. Кейін пышағын алып шығып, бетіне бірнеше рет тығып алды”, – дейді Батырдың анасы. 

Әйелдің айтуынша, ауруханада баланың бетін тігіп тастаған. Батырдың бетіндені жүйке талшықтары мен артерияға зақым келген. 

“Бетін наркозбен тікті. Түнде жағдайы нашарлады. Барып едік, бізді кіргізбей қойды. Қазір баланы палатаға ауыстырды, есін жиды. Сол жақ беті жұмыс істемейді. Бетінің бәрі ісіп кеткен. Батырдың 1-типті қант диабеті деген диагнозы бар. Қанша уақытта жазылатынын білмеймін. Қазір ең бастысы – Батырдың жазылып кетуі. Мен мұны бұлай қалдырмаймын. Батыр – қарапайым, ақылды бала. Дайындыққа, ағылшын тіліне, күреске баратын. Адамдармен тез тіл табысады. Балалар алаңында Батырды бәрі біледі, онымен ойнайды. Жанымызда мектеп болғандықтан балалар көп. Балалар ата-анасыз жүреді. Ол кез келген балаға шабуыл жасауы мүмкін еді. Сонда қауіпсіздік қайда? Қатем баламды жалғыз жібергенімде. Осы әрекетіме сан мәрде өкіндім. Бірақ бұлай боларын кім білген? Бұл не деген айуандық?” – дейді ашынған ана.

Оның сөзінше, жасөспірімді бұған дейін тұрғынүй кешенінен байқамаған. Әйел жасөспірімнің қатаң жазалануын талап етіп отыр.

5 жастағы баланы жаралаған жасөспірімнің пышағы тұрғынүй кешенінен 250 метр қашықтықта орналасқан балабақшаның жанынан табылды. 

Бұған дейін Астанада жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеп тастағаны туралы жазған едік.

Талқылау