Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олимпиаданың қола жүлдесін алтынға айналдыру басты мақсатым — Ғұсман Қырғызбаев

Ғұсман ҚырғызбаевФото:Olympic.kz

Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев алдағы жоспарымен бөлісті. Даңқты спортшы кезекті мәрте Олимпиадаға қатысып, қоланы алтынға айналдыруды көздеп отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Olympic.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

“Бала күнімізде нақты дзюдо үйірмесі болмады. Алдымен қазақ күресімен айналыстық. Кейін жүректе бір арман пайда болды — дзюдо арқылы көк туымызды әлемдік ареналарда желбірету. Қазір сол бала арманымның орындалып келе жатқанын сезіп, қатты қуанамын”, — дейді Ғұсман Қырғызбаев.

Ол Олимпиада жүлдесін жеңіп алу — спортшы үшін ең жоғары жетістік екенін де атап өтті.

“Он рет әлем чемпионы болғаннан гөрі, бір рет Олимпиадада жүлде алу артық деп айтатын. Шынында да, төрт жылда бір келетін додада ел намысын қорғап, жүлде алу — еңбектің өтеуі. Парижде Елдос Сметовтің чемпион атанғанын көріп, ерекше әсер алдым. Чемпионның аты — чемпион. Осы сәттен кейін менде жаңа мақсат пайда болды: енді сол Олимпиаданың қоласын алтынға айналдырғым келеді”, — деді Қырғызбаев.


Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев 2024 жылы төрт жылдықтың басты додасында 66 келіде ел намысын қорғады. Нәтижесінде жерлесіміз қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Қола жүлде үшін тартыста сербиялық Страхиня Бунчичті тізе бүктіріп, қола жүлдеге қол жеткізді. Ғұсманның қоржынында бұдан өзге 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс медалі, Азия чемпионатының екі бірдей қола жүлдесі бар.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 11:23
Талқылау