Олимпиада жүлдегері Майкл Конлан бокстағы допинг жайлы шындықты айтты
Фото: Getty Images Sport
33 жастағы британдық боксшы Майкл Конлан кәсіби бокста көптеген спортшылардың допинг қолданатынына сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, барлығы сынақ жүйесі жеткілікті деп көрсеткенімен, шын мәнінде ол жағдайды толық бақылауға алмайды.
"Иә, менің ойымша, бұл кең таралған құбылыс. Америка бұған дейін алда болды. Ресей де әрдайым көштің басында жүрді. Қазір Ұлыбритания да соларға ілесіп келеді. Бізде де допинг қолданатын боксшылар бар", – деді Конлан BoxingScene басылымына берген сұхбатында.
Боксшы өзінің ешқашан тыйым салынған заттарға жүгінбегенін айтты. "Мен үшін бұл шешім бұрыннан айқын болды. Карьерамда үлкен жетістікке жетсем де, жетпесем де, айнаға қарап, бәрін таза атқардым деп айта аламын. Ал өзгелер өзін ақтап: “Болды, мен жеңдім, бәрі де қолданды ғой” деп айтуы мүмкін", – деді ол.
Конлан 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері атанған, әуесқой бокста табысты өнер көрсеткен. Ол кәсіби деңгейдегі тестілеудің кемшілігін жақсы түсінеді.
"Кәсіби бокста тек жарыс кезінде тексереді, яғни жекпе-жек күні. Егер сен дайындық лагерінде допинг қабылдап, жекпе-жекке дейін тазаланып үлгерсең, қағаз жүзінде бәрі дұрыс болады. Ал қалған уақытты ешкім бақыламайды. Бұл тек саған, отбасыңа және мүмкін жақсы бапкерің болса, соған ғана маңызды. Өкінішке қарай, кейбір бапкерлер үшін де бәрібір", – деді Конлан.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
