Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Париж олимпиадасы: Сәкен Бибосынов Токиодағы олқылықтың орнын толтыра ала ма

Төрткүл дүние көз тігетін төрт жылдықтың басты додасына тура бір ай ғана уақыт қалды. Париж олимпиадасында сынға түсетін спортшылар да дайындықтарын тыңғылықты пысықтап, оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Әрине, әр олимпиадада Қазақстан құрамасы қанша алтын иеленеді деген сұрақ туындайтынын білеміз. Токио төрінде тұңғыш рет алтын жүлдесіз қайтқан Қазақстан құрамасы сол қателікті Париждегі дүрмекте жібермеуі тиіс. Әсіресе, үміт артқан боксшыларымыз алғаш рет олимпиададан алтынсыз қайтқан еді. Тек Сәкен мен Қамшыбектің қола жүлдесін қанағат тұттық. Осы орайда, Stan.kz ақпарат агенттігі Париж олимпиадасында бақ сынайтын Сәкен Бибосыновтың Токиодағы қола жүлдесін алтынға алмастыру мүмкіндігі туралы сараптама жасауды ұйғарды. 

Фото: IBA

Сәкен Бибосынов Қазақстан құрамасындағы екінші рет олимпиада ойындарына қатысатын 18 спортшының қатарында. Яғни, тәжірибесі толысқан, сақа спортшылардың бірі. Боксшыларымыздың ішінде алтыннан басты үміткерлердің бірі – осы Сәкен. Токио төрінде тамаша өнер көрсеткен былғары қолғап шеберінің жартылай финалдағы жеңілісі әлі де жанкүйерлердің жадында болуы тиіс. Бір ғана қателік отандасымызды алтын жүлде үшін айқасудан қақты. Дегенмен қазіргі Сәкеннің деңгейі, боксы әлдеқайда өскен, техникалық тұрғыдан да, тактикалық тұрғыдан да “арсеналы” артқан. Оның үстіне ол 51 келіде өзін судағы балықтай сезінеді. Аса көп салмақ қумайды, әрі функционалдық тұрғыдан да шармайды. Сондай-ақ қарсыластары да байырғы спортшылар. Олимпиадаға жолдама алған 17 спортшының ешқайсысы осал боксшылар емес. Дегенмен Сәкеннің басты қарсыластары ретінде және алтынға үміткер спортшылардың қатарына кіретін 5-6 боксшыны ерекше атауға болады. 

Сәкеннің ең негізгі қарсыласы ретінде өзбекстандық олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовты қарастыруға болады. Жалпы Хасанбой қазақ боксшыларының біразын қапы қалдырған былғары қолғап шебері. Ол Теміртас Жүсіповпен үш рет жұдырықтасып, үшеуінде де ұтса, Біржан Жақыпов пен Ержан Жомарттың да мысын басқан. Бірақ Сәкенге келгенде Дусматовтың діттегені бола бермейтінін көрдік. Қос қарсылас алғаш рет 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында жұдырықтасып, Бибосынов басым түскен еді. Дегенмен 2022 жылғы Азия чемпионатының финалында Хасанбой есесін қайтарып, отандасымызды алтын жүлдеден қақты. Бірақ Сәкен сол жекпе-жекте жарақатымен жұдырықтасып шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Қос саңлақ арасындағы үшінші кездесуі Ханчжоудаға Азия ойындарында өтті. Олимпиа жолдамасы сарапқа салынған турнирде тағы да Хасанбойдың жолы болып, жеңіске жетті. Бір қызығы, жекпе-жек барысында төрешілер Сәкеннің нокдаунын есепке алмай қойды. Жалпы екеуі де бір-бірінің жұдырықтасу мәнерін жақсы біледі. Сәкен арақашықтықта жақсы жұдырықтасса, өзбекстандық боксшы бұрыштарды кесіп, өзіне оңтайлы жақын арақашықтықта жұдырықтасуда көздейді. Дегенмен техникалық тұрғыдан отандасымыз қарсыласына қарағанда шапшаң, әрі қимыл-қозғалысы ширақ. Бибосынов пен Дусматовты Париж олимпиадасының финалында көруіміз әбден мүмкін.

Токио төрінде жұдырықтасқан боксшылардың төртеуі тағы да Парижде өнер көрсетеді. Сәкеннің байырғы қарсыласы саналатын солардың бірі–жергілікті боксшы Биллаль Беннама. 26 жастағы Беннама да Парижге басты фаворит ретінде барады. Жалпы Бибосынов француз боксшысымен 4 рет жұдырықтасып, екеуінде жеңіске жетсе, екі рет қарсыласына есе жіберген. Алғаш рет қос спортшы 2015 жылы Сербияда өткен турнирде қолғап түйістіріп, Беннама басым түссе, араға 4 жыл салып, 2019 жылы Венгриядағы турнирде жолыққан. Сол жекпе-жекте Сәкеннің мерейі үстем болып, Беннаманың осал тұсын оңай тапқан еді. 2021 жылы Германиядағы турнирде Сәкен мен Беннама үшініші рет жұдырықтасып, Беннама басым түсті. Бірақ дәл сол жылы өткен Токио олимпиадасының алғашқы айналымында Сәкен француз боксшысының адымын аштырмай, айқын басымдықпен ұтқан еді. Беннама лицензиялық Еуропа ойындарында 5 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен еді. Бірақ Беннама соңғы үш жекпе-жегінде қарсыластарынан жеңіліп қалған. Бұл боксшының осал тұсын жақсы білетін Сәкен Париж алаңында да айласын асыратынына кәміл сенеміз.  

Токио олимпиадасының қатысушылары замбиялық Патрик Чиниемба мен үндіс боксшысы Амит Пангал да қауіпті қарсыластардың қатарында. Әсіресе Амит Пангал Сәкенмен қалай жұдырықтасу керектігін жақсы біледі. Үндістандық былғары қолғап шебері Сәкенмен екі рет жекпе-жекке шығып, екеуінде де жеңіп кеткен болатын. Алғаш рет 2019 жылғы әлем чемпионатында отандасымыздың осал тұсын тауып, жеңіске жетсе, екінші рет 2021 жылы Дубайдағы додада ұтқан болатын. Амит 2019 жылы әлем чемпионатының финалында дейін жетіп, ақтық сында өзбекстандық Зоировтан ұтылды. Сондай-ақ Амит Пангал жоғарыдағы Биллаль Беннама мен Патрик Чиниембаны және Хасанбой Дусматовты екі рет жеңген. Дегенмен Сәкен Париж төрінде кеткен еселерін қайтару үшін барын салатыны анық.  

Кубалық Алехандро Кларо мен америкалық Роско Хилл де Сәкен үшін қиын қарсыластардың бірі болмақ. Дегенмен отандасымыз екеуімен де жұдырықтасып, екеуінде жеңген. Роско Хиллді 2021 жылғы әлем чемпионатының финалында қапы қалдырса, Алехандро Клароны 2022 жылы Астанада өткен “Елорда” кубогінде ұтқан еді. Сондықтан Сәкеннің бұл боксшыларға қарсы қолданатын айла-тәсілі жетерлік. Бастысы жақсы бабында болып, білгенінен жаңылмаса болғаны. Сәкенге тегеурін көрсететіндердің қатарында жастар арасындағы екі дүркін Еуропа чемпионы, әзірбайжандық Ниджат Гусейнов пен соңғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы, 23 жастағы Самет Гюмюш бар. Дегенмен екеуі де әлі Сәкен сияқты саңлақпен кездесіп көрген жоқ. Сәкен тәжірибесінің арқасында бұл боксшылардан басым түсуі тиіс. Әрине бәрі бап пен баққа байланысты болатыны анық. Десек те, отандасымыздың бабы мен бағы қатар шауып, Париж олимпиадасының чемпионы атанатынына кәміл сенеміз. Сәкеннің чемпион атануға әлеуеті толық жетеді және жеңіс тұғырына көтерілу үшін қажетті барлық қасиеті бар. 

Талқылау