Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке қандай ота жасалғаны белгілі болды

Елдос СметовФото:ҰОК

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов бірнеше күн бұрын Тараз қаласында ота жасатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осы жаңалықтан кейін жанкүйерлер спортшының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, оған тез сауығып кетуін тіледі.

Кейін белгілі болғандай, Елдос Сметовтің денесіне жара шығып, сол жараны ота жасатып алып тастаған.

Бұл туралы оның досы әрі командаласы Ғұсман Қырғызбаев айтты.

    "Елдос Сметовтің жағдайын әлеуметтік желіден көрдім. Жақында ол Тараз қаласында шағын ота жасатты. Кеше ғана хабарласып, жағдайын сұрадым. Ауыр жарақат емес. Денесіне бір жара шыққан екен, соны кесіп алып тастаған. Қазір Елдостың жағдайы жақсы", – деді Ғұсман Қырғызбаев.

Сондай-ақ Ғұсман Қырғызбаевтың айтуынша, Елдос Сметов 2026 жылдың жаз айларында татамиге қайта оралуы мүмкін.

    "Елдос Сметовтің татамиге оралуын жанкүйерлер асыға күтіп жүр. Қазір ол денсаулығын қалпына келтіріп, бабына келумен айналысып жатыр. Елдос осы жылдың жаз айларынан бастап жарыстарға қатысуы мүмкін. Бірақ нақты қай жарыс екенін білмеймін", – деді Қырғызбаев.

Айта кетейік, Елдос Сметов 2024 жылғы Париж Олимпиадасы өткеннен бері шамамен екі жылға жуық уақыт бойы жарыстарға қатысқан жоқ.


Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев


Елдос Сметов Олимпиада ойындарында бірнеше рет жүлде алған санаулы дзюдошылардың бірі. Ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасы кезінде күміс медаль жеңіп алса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасы барысында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ол дзюдодан Орталық Азиядан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 18:38