Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өліміне қызметі себеп болуы мүмкін: "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы заңгеріне қатысты жаңа деректер белгілі болды

Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы заңгерінің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Алдын ала болжам бойынша, әйелді пышақтаған, сонан кейін пәтерін өртеген. Құзырлы органдар мән-жайды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтердің өртеніп жатқанын көршілер көріп, өрт сөндіру қызметіне хабарлаған. Тілсіз жауды ауыздықтау кезінде үй ішінен Ирина Эмнің денесі табылды. 

"Пәтер іші қою қара түтін болды. Өртке қарсы қызметкерлер үй иесін бірден алып шығып, жедел жәрдем қызметіне берген. Алайда ол қайтыс болды. Денеде күйік ізі болмаған”, – дейді қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мадияр Әбдікәрімов.

Марқұмның пәтеріндегі жұмсақ жиһаз ғана өртенген. Әйелдің денесін өрт шалмаған, көмірқышқыл газына да уланбаған. Сондықтан оны біреу күштеп өлтірді деген күдік бар. 

"Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта кінәлі адамды және болған оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімделі облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Бұл жағдай көршілерді дүр сілкіндірді. Оны 30 жылдан астам уақыт бойы сабырлы, момын жан ретінде білгендерін айтады. 

"Бұл оқиғаға бәріміз есеңгіреп қалдық. Не үшін, неге бұлай болды? 2 жыл бұрын ғана күйеуінен айрылған еді. Бұл жерде оқиғаға байланысты әртүрлі себептер айтылып жатыр”, – дейді марқұмның көршісі Валентина Толстова.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы да оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Ирина Анатольевна 2008 жылдан бастап "Арселор Миттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Тентек" шахтасының заң кеңесшісінен бастап, құқықтық мәселелер жөніндегі еңбек қатынастары бойынша бірінші санаттағы кеңесшісіне дейін жұмыс істеді. Ол өзін жоғары деңгейдегі кәсіпқой заңгер ретінде ғана емес, сонымен қатар мейірімді, жанашыр адам ретінде көрсетті. Ирина Анатольевнаның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз”, – деп жазды компания басшылығы.

Ирина Эм бұрын "Арселор Миттал Теміртауда" жұмыс істеген мүгедек кеншілердің мәселелерімен айналысқан. Әріптестері оны білікті маман ғана емес, мейірімді жан еді деп еске алады.

"Қазір біз әріптесіміздің өліміне қатысты түрлі нұсқаларды қарастырып отырмыз. Бірақ бұның барлығы әлі қауесет қана. Нақты не болғанын айту қиын. Мен онымен осыдан бір апта ғана бұрын сөйлескен едім. Әрине қауіп болмады деуге келмес. Мүмкін ол біреуге жол бермеген болар. Шынымен де біз кәсіби маманнан ғана емес, мейірімді жаннан да айрылдық”, – дейді заңгер Альмир Гелимханов.

Марқұмның артында бір қызы қалды. Тергеу жалғасуда. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

 

 

Талқылау