Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзінің дәретін ішкізді": Асыранды балаларын азаптаған шымкенттік емшінің тұңғышы шындықты жайып салды

Үш жыл бойы емші әкесінен қорлық көрген балалар өз шындығын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Бағдарламадан скриншот

Шымкент қаласы, Көкбұлақ ауылында емші Ұлықбек Сманов балалар үйінен алты баланы асырап алып, үш жыл бойы қорлап келген. Еңгезердей еркек заңды некедегі жары екеуі жетім балаларға ит-мысықтың етін беріп, зәрін ішкізген көрінеді. Жағаұстатарлық жағдайдан кейін 6 бала мемлекеттің қамқорлығына өтіп, асыранды балалардың үлкені сұмдық жайтты “Көреміз” бағдарламасына өз аузымен баяндап берді.

“Бауырларыма дәретін ішкізіп, нәжісін жегізді”

“Әкем жиі қол көтеретін. Қойлар жоғалса, мені ұратын. Таңда тұрғызып, малға шөп салғызатын. Басымды жарып, өзінің дәретін ішкізді. Ол үйде жүре бергенде менің жағдайым қиын болатын. Күн сайын ауыр жұмыстар істеткізетін. тек сабаққа кеткенде ғана сәл демалатын едік. Сабақтан келген бойда малдың шөбін салып, қораға кіргізетін. Қыста малдар өліп қалса, етін бізге сойып беретін. Бәріне бізді кінәлайтын. Малға бірдеңе болса бізді таяқтың астына алады. Бір күні өлген иттің етін де жегізді. Үйдегі төрт баланың қолын байлап қояды. Жан-жаққа кетіп, ойнап кетпеуі үшін қолдары байлаулы жүретін. Көрші адамдар көрді. Бауырларым дәретін жіберіп қойса, нәжісін жегізетін еді”, – деп жан сырын ақтарды оқушы бала. 

 “Бала асыра сілтеп айтқан шығар?!”

16 жастағы баланың бойындағы өзгерістерді мектептегі сыныптастары да мұғалімдері де байқамаған. Тіпті ата-аналар жиналысына келіп отырған әкенің де психикалық сырқатын сезбеген. 

“Қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын бала білдірткен жоқ. Ата-анасы жиі хабарласып, баласының оқу үлгерімін сұрап тұратын. “Бүгін тамақ ішпей кетті” деп ақша да аударғанын көрдім. Ата-анасы үзбей келіп тұрады. Әкесі де белсенді ата-аналардың қатарында. Бала асыра сілтеп айтты ма деп тұрмын. Әйтпесе қорлық көріп жүрген бала бірдеңені сездіретін”, – деді сынып жетекшісі Гүлнәр Әбішова. 

Бағдарлама ұжымы мәселенің ақ-қарасына көз жеткізу үшін емшінің туысқандарымен де тілдесті. 

 “Дәлел болмаса айтқанына сенбейміз”

“Ол ашушаң емес. Бәріміз сол үйде өстік. Ағамыз қара шаңырақта қалды. Қарындастарым да сол үйде тұрды. Балажан еді. Ондай өрескел қылық көрмедік. Таңғы төртте малдың соңына салды дегенге сенбеймін. Ағамыздың етегінде екі-үш баласы жүретін. Мал шаруашылығымен айналысты. Дүре соқты деген сөзіне сенбеймін. Тамақ бермейді дегені де өтірік. Балаларға жеткілікті материалдық жағдай жасалмаған шығар, бірақ аш қалдырды дегені – жалған. Мен қарама-қарсы үйде тұрамын. Ондай оқиғаларды еститін едім. Зәрін берді, нәжісін жегізді дегені тіпті сұмдық. Қазір ешкім дәлел болмаса сенбейді. Әулетімізге ауыр айып тағылып отыр”, – деді емшінің туған інісі Нұрбол Сманов. 

Еске салайық, Ұлықбек Смановқа сот үкімі шықты. Ол психикалық ауруы бар деп жазадан құтылып кеткен болатын. 

Сот шешімімен бала асырап алу мен қамқоршылық жойылған бойда балалар әртүрлі қалалардағы балалар үйіне жіберіледі. Асырап алынған балалардың тағдырына немқұрайлы қарағаны үшін қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлеріне шара қолданылады деп үміттенеміз. Өйткені мұндай шенеуніктердің әрекетсіздігінен балаларды қорғау нөлге дейін төмендейді.

Талқылау