Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлген адамдарға тек көңіл айтып қана отырған жоқпыз". Қарағандылық кәсіпкер халыққа көмек ретінде мейрамханасын тегін ұсынды

Қарағандылық кәсіпкер Нұрлан Қалтаев бүгінде өңіріне ғана емес, жалпы Қазақстанға да танылып үлгерген қайырымдылықпен айналысып жүрген азамат. Пандемияға байланысты енді өзінің мейрамханасын Денсаулық сақтау басқармасына алғашқы көмек көрсету мақсатында тегін ұсынған. Аталған бастамасы және басқа да қайырымдылық жұмыстары жайлы кәсіпкердің өзінен сұрап білдік.

Қарқаралыда атақты Қоянды жәрмеңкесі өткен жерде дүниеде келген кәсіпкердің құрылыс саласында бизнесі бар. Ал өкіметке ұсынғалы отырған "Баракят" мейрамханасы 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазір карантинге байланысты мейрамхана жұмыс істеп жатқан жоқ. Қазір қаншама адам ауырып, қиналып жүргенгенін көріп, бос тұрған орынды алғашқы көмек көрсетуге пайдаланса деген ұсыныс айттым, дейді кәсіпкер

"Ауырып жүргендер көп. Халық пневмониясы асқынған соң ауруханаға барады. Кейбіреулерінде қосымша аурулары асқынып кетеді. Өлім-жітім көп болып жатыр. Күндізгі стационар ретінде мейрамхана орнын беруге ұсыныс жасадым. Сонда адамдар тиісті дәрі, ем-домын алып кетіп отырады. Қазір түрлі ақпарат тарап жүр, нешетүрлі нәрсеге сеніп, халық әдбен қорқып қалған. Содан біліктілігі жоғары дәрігерлер осы жерде тағайындама жазып беріп жүрсе деген ой болды", - дейді Нұрлан Қалтаев. 

Айтуынша, билік басындағылар ұсынысына қатысты шешімін әлі айтпаған, десе де дайындық басталып кеткен.

"Қазіргі уақытта бұл мәселе қарастырылып жатыр, оған біз дайынбыз. Карантин біткенше ақысыз өкіметке беремін деп отырмын. Ауруханаларға ыстық тамақ апару мәселесін қолға алдық. Дүйсенбіден бастап 200-300 адамға тамақ беріп отырамыз. Қолдап жатқан адамдар бар, олардың ішінде бизнесмен достарым шамалары келгенше көмектесуде. Медқызметкерлерге біріккен түрде ортақ жерден көмектесу керек. Осыны түсініп достарым көмектесіп жатыр. Жалғыз емеспін, үлкен алғыс білдіремін", - дейді ол.

Нұрлан Қалтаев қайырымдылықтан бөлек, «Абадан» спорт клубымен айналысады, онда ол жетекші. 

"Өзімнің спортшыларым көмектесуге ниеттерін білдіріп жатыр. Хабарласып, менімен бірге болатындарын айтты", - дейді кәсіпкер.

Айтуынша, қазіргі қиын уақыт - кәсіпкерлердің мемлекетке көмектесетін кезі.

Қазір қанша бизнесмендер, үлкен-үлкен компаниялар үкіметтен көмек сұрап жатыр. Банкрот болып жатқандарын айтып "жылап" жүр. Сондай кәсіпке, шағын бизнеске мемлекет қолдау көрсеткен соң, пандемия кезінде енді біз, кәсіпкерлер көмектесуіміз керек. "Жыламаған адамға емшек бермейді" дейді ғой қазақта, ендігі кезекте "Емшек беретін біз, бизнесмендер болуымыз керек", - дейді ол.

"Өлген адамдарға тек қана көңіл айтып, иманды болсын деп отырған жоқпыз, өзіміз пандемияға қарсы шамамыз келгенше күресіп жатырмыз", - дейді кәсіпкер.

Нұрлан Қалтаев өңірінде бірталай қайырымдылық жасап үлгерген, соның ішінде бірнеше отбасылық балалар үйін салған.

"Қазіргі бесінші отбасылық балалар үйін салып жатырмын. Карантинге байланысты жұмыстар тоқтап тұр. Үйді саламын, жиһаздарын кіргізіп, ерлі-зайыптыларға табыстаймын. Олар балалар үйінен бала алады. Балалар да ауылға сіңіп алды. Одан бөлек, ауылда балалар алаңын сыйлыққа тарттым, мешіт салдық, 130-дай алма бақтарын отырғыздық. Ауылға деген қамқоршылық білідіріп жатқан жайымыз бар. Біреуге үлгі болсақ, біздің жұмысымыздың нәтижесі көрінеді", - дейді кәсіпкер.

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 20 Шілде, 2020 15:59
Талқылау