Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды

Олеся Кексель (1) күдікті деп танылды

Фото: Видеодан скрин

Бас прокуратураның арнайы қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас прокуратура Олеся Кексельдің азаптау ісі бойынша күдікті деп танылғанын растады. 

“Бас прокуратура 2025 жылғы 4 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1), 2) тармақтары (Азаптау) бойынша қылмыс жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель О.И-ді күдікті деп таныды”, – делінген хабарламада.

Прокуратураның хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеушілер қосымша дәлелдер жинап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды

Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы басшысы Талғат Татубаев ұсталғаннан кейін желіде бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы бастығы Олеся Кекселдің де үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді.

Алдын ала мәлімет бойынша, ол БТА банкінің бұрынғы қызметкерлерін азаптау ісіне қатысты. Яғни рұқсат етілмеген тергеу әдістерін пайдаланды деп айыпталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы шенеуніктеріне қатысты істе қатысы бар дейді.

Олеся Кексель 2018 жылы арнайы прокурорлар қызметін басқарды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы басшылары Талғат Татубаев пен Қайрат Қожамжаровтың командасының құрамында болды. Кексель атышулы істерді, оның ішінде бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеуді қадағалады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 14 Шілде, 2025 14:35
Талқылау