Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олардың миы Еуропа тұрғындарына қарағанда баяу қартаяды": Әлемде миы мен жүрегі сау тайпа анықталды

Боливиялық тайпа өкілдері әлемдегі ең жүрегі мен миы сау адамдар ретінде танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: BBC

84 жастағы Мартина Канчи Нейт Боливия джунглиінде еш кедергісіз, жылдам жүреді.  Ол үш маниок бұтасын 10 минут ішінде қазып алып, пышақпен екі рет соғып, жолжелкен жемісін (бананның жергілікті сорты) дайындайды. Сосын ауыр егістік өнімдерін арқасына салып (маниок, жүгері, банан және күріш өсірілетін жер), үйіне қарай тоғай арасымен жаяу қайтады. 

Мартина – Боливияның астанасы Ла-Пас қаласынан 600 шақырым жерде Амазонка жағасында оқшау өмір сүретін цимане байырғы халқының мүшесі. Ол цимане қарт адамдарының арасында ең танымалы. Ғалымдар бұл тайпаның өкілдерін әлем бойынша жүрек-қан тамырларында ешбір ақауы жоқ адамдар деп санайды. Айтуларынша, олардың миы Солтүстік Америка немесе Еуропа елдеріне қарағанда баяу қартаяды.

Фото: BBC

Тайпа құрамында 16 мыңға жуық адам бар. Олар да ата-бабалары сияқты аңшылықпен, терімшілікпен, балық аулау және жеуге жарамды дақылдарды өсірумен айналысады. Ғалымдар бұл халықтың денсаулығын ұзақ уақыт бойы зерттеп, күтпеген жаңалық ашты.

Цимандар белсенді өмір салтын ұстанып,  аңшылық, егіншілік және үй шатырын тоқумен айналысады. Олар күніне 10% ғана бір орында отырады. Ал дамыған қалалардың тұрғындары уақыттың 54%-ға жуығын бір орында тапжылмай отырумен өткізеді. 

Циманеде аңшылық сегіз сағаттан астам уақытқа созылады. Аңшылық барысында олар орта есеппен 18 шақырым жол жүреді.

Тайпа Маники өзенінде мекен етеді. Ол жерден қалаға қайықпен 100 шақырым. Олар өңделген тағамдар, алкоголь және темекі тұтынбайды. 

Зерттеушілердің мәліметінше, циманеліктердің рационында майдың көлемі 14%-ды құрайды. Ал Құрама Штаттарда бұл 34%. Олар талшықты көп жейді және олардың калориясының 72 пайызы көмірсулардан тұрады. Тайпа өкілдері қуырылған өнім тұтынбайды. Олар жейтін асын өздері аулайды. 

Фото: BBC

Калифорния университеті ғалымдарының мәліметінше, егде жастағы циманелік гипертония, қант диабеті немесе жүрек ауруы сынды аурулардан зардап шекпейді.

Ғалымдар 40 жастан асқан 705 циманеліктің компьютерлік томографиясын жүргізген. Нәтиджесінде оларда ғылымға белгілі кез келген популяцияның коронарлық атеросклерозының ең төмен көрсеткіштері бар екені анықталды. Сондай-ақ жүрек ауруының деңгейі өте төмен дейді. 

"75 жастағы Циманенің артериялары 50 жастағы америкалықтардың артерияларымен бірдей", – дейді Калифорния университетінің профессоры Каплан.

2023 жылы Proceedings of the National Academy of Science журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, Ұлыбритания, Жапония және АҚШ сияқты индустриалды дамыған елдердегі егде жастағы адамдарға қарағанда цимане адамдарында ми атрофиясының 70%-ға  аз болатыны анықталды. 

"Тайпаның ересек тұрғындары арасында Альцгеймер ауруының бірде-бір жағдайы тіркелмеді", – дейді боливиялық дәрігер Даниэль Эйд Родригес.

Фото: BBC

Алайда, бұл адамдардың нақты жасын анықтау мүмкін емес. Себебі оларда жеткілікті білімнің болмауы салдарынан, санау қабілеті дамымаған. 

Ғалымдар, циманелік ересектедің жасын балаларының жасына қарай есептейді. Жазбаларға сәйкес, жергілікті әйелдердің бірі Хилда 81 жаста. Алайда ол отбасы мүшелері оның "100 жылдық мерейтойын" тойлау үшін шошқа сойғанын айтты.

Дегенмен, Амазонканың байырғы тұрғындарының көпшілігі қартайғанша өмір сүрмейді. Тайпаны зерттеу нәтижелеріне сәйкес, циманелердің орташа өмір сүру ұзақтығы 45 жас болса, қазір 50-ге дейін өскен.

Зерттеушілердің дерегіне сәйкес, циманеліктер көбіне құрттар немесе ұқсас паразиттермен ауырады.

“Біз тайпада қоздырғыштар мен қабынудың жоғары деңгейін анықтадық. Бұл циманеліктердің денелері инфекциялармен күресетінін болжайды”, – дейді ғалымдар. 

Жергілікті тұрғын Хуанның сөзінше, тайпада өмір сүру дағдысы өзгеріп жатыр. Себебі ол бірнеше ай бойы ірі жануарларды аулай алмапты. Оған себеп 2023 жылдың аяғындағы орман өрттері. Жалын екі миллион гектарға жуық джунглиді шарпыды дейді. 

"Өрт жануарларды басқа жаққа көшуге мәжбүр етті", – деді Хуан.

Дегенмен циманеліктер моторлы қайықтарды пайдаланып қант, ұн және май сияқты өнімдерді қаладан алып келеді екен.  Осыдан 20 жыл бұрын тайпа өкілдері арасында қант диабеті кездеспесе, қазір керісінше пайда бола бастады дейді. Өңірдік жас тұрғындары арасында холестерин деңгейі де көтеріліпті. 

Талқылау