Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оларды "арамтамақ" деп атаймыз": Мейрамханалар клубының басшысы тапсырыс беріп, шотты төлемейтіндер туралы айтты

Қазақстан мейрамханалар клубы қауымдастығы тамақ алып, ақысын төлемей кететіндердің көбейгенін айтты. Олар тіпті қара тізім жасап, мұндай адамдардың фотосын Instagram-ға жариялайды екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

2016 жылы мейрамханада жақсы тамақтанып, оны төлемеу сәнге айналған. Желідегілер оны бір-бірінен қайталаған. Өйткені мұндай әрекет үшін жазаланбайтынын білген. Себебі олар полицияға хабарласқанымен, қызметкерлер қаскөйдің тек жеке басын анықтайды. Бірақ оларды ұстау құқығы жоқ, ал мейрамхана сотқа бермейтінін де біледі.

Сол үшін мейрамхана басшылары клиент төлемей кеткен кезде даяшыға төлем жасатқызатын. 

“Біз оларды арамтамақ деп атадық. Адам аштықтан, шарасыздықтан осылай тамақ ішіп, ақшасын төлемей кетсе бір жөн. Ал мына жағдайда олар әдейі түк көрмегендей тамақтанады, қымбат нәрселер алады. Өте қымбат алкогольді ішеді, оның үстіне басқаларға да тапсырыс бергізеді. Ал есепшотты берген кезде төлемейміз деп ұялмай айтады. Себебі ресторатордың онымен әуре болғысы келмейтінін, оны сотқа бермейтінін, адвокат жалдап, сол үшін сот жағалағысы келмейтінін біледі. Осылай тегін тамақтанады. Олар үшін бұл қызық, ал басқаларға қиыншылық. Олар бұл шығынды кейін қарапайым ұл мен қыз жабатынын түсінбейді”, – деді рестораторлар клубының жетекшісі Гүлнар Қатибаева.

Сөзінше, олар адвокат жалдап, соттасу керек екенін түсіндірген. Себебі қаскөйден адвокат гонорарын да өндіріп алуға болады. 

“Даяшылар бай адамдар емес, жап-жас қыз-жігіттер, жалдамалы пәтерлерде тұрады. Неліктен олар біреу үшін ақша төлеуі керек? Қазір олар да мұндайға келіспейді, тіпті шығып кетеді. Бұл дұрыс. Кейде әріптестер бірігіп, есепшотты жабатын. Иә, өзімнің де есімде. Мен даяшы болып жұмыс істегенімде клиенттер тойып алып, қашып кеткен. Мен олардың соңынан жүгірдім. Сол кезде кәуапшы артымнан келіп, "Қайда бара жатырсың, ақымақ, қазір сені ұрып кетеді!” деген еді" – деді клуб жетекшісі.

Ол ресторанға психикалық ауытқуы бар адамдар кіріп кетсе, түсіністікпен қарайды. Алайда кейбір адамдар саналы түрде бірнеше мейрамханаларда тегін тамақтануды әдетке айналдырған дейді. Сөзінше, фотодағы “арамтамақтың” аяқкиімі 80 мың теңге тұрады, кедей емесі анық. Ол арамтамақтар өте сәнді киініп, өзін дәулетті көрсететінін айтты.

“Миллион теңгеге тамақтанғандар да болды. Бір қызығы, олар камералардан қорықпайды. Бет-әлпетін әлеуметтік желіге жариялап, масқаралайтынымды білсе де, күлімсіреп, мысқылдап тұрады. Лауазымдарын мақтана айтып, қоқан-лоқы көрсеткісі келеді. Алматыда мұндай жағдайлар күнде болады”, – дейді Қатибаева.

Алайда ондай адамдар ірі мейрамханаларға бармайды екен, өйткені онда оққағарлар болады. Алматыдағы бір-екі мекемеде “арамтамақтарды” жертөлеге апарып, жазалаған жағдайлар да болыпты. Ал кейбірі қоймаға қамап, туыстары шотты жапқанша жібермейді. 

Ал шағын мейрамханаларда қауіпсіздік нашар дамыған. Әсіресе далада отырған кезде қашып кету оңай.

“Біз ондай адамдарды тез тауып аламыз. Туыстарына телефон соғып, әлеуметтік желіге фото, видео жариялаймыз. Мысалы бір келіншек осы жерде тамақтанып алды да, “министрлікте жұмыс істеймін, мен мынаумын, анаумын...” деп айта бастады. Біз түрін көрсетіп, аты-жөнін жаздық. Ал келесі күні бізге сол ханым жүгіріп келіп, 182 мың теңге қарызын жауып тастады. Біз мұндай адамдарды мекемелерге кіргізбейміз”, – деді ол.

Талқылау