"Олар өз ана тілінде сөйлей алады": Тоқаев қазақстандықтарға өзге халыққа құрметпен қарауға шақырды
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында әсіре ұлтшыл болмау керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент әлемдегі ахуал қауіпті жағдайда екенін айтты.
"Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн. Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру”, – деді ол.
Тоқаев қазақстандықтарға өзге халықты сыйлау керегін айтып, олар да өз ана тілінде сөйлеуге құқылы екенін атап өтті.
“Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей, диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидатын қатаң ұстанамыз", – деді ел басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін де Тоқаев азаматтар бір-бірін “мына тілде сөйле” деп мәжбүрлемеуі керек деп айтқан еді.

"300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады”: Қазақстандықтар өлімнен кәсіп істеп отырғандардың әрекетіне наразы
