Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар кейде балағаттап, таныстарын айтып қорқытқысы келеді": Табиғат қорғаушысы броконьерлермен күрес қалай жүргізілетіні жайлы айтты

Әділет Сатыбалдиев Алматы облысында табиғатты қорғау инспекторы болып еңбек етеді. 2013 жылдан бері әкесінің жанында жүріп, табиғатты аялаумен қатар қорғауды жанына берік еткен азамат жоғары білім алып, қазір өзі сүйген саласын дамытып жүр. Stan.kz тілшісімен тілдескен маман жұмысының қыр-сырымен бөлісіп, броконьерлермен болған оқиғалары жайлы айтып сондай-ақ табиғатты қорғау үшін өз ақыл-кеңесін қосып өтті.

Адилет Сатыбалдиев

"Әкемнің жолын жалғауды ұйғардым"

Әділет Сатыбалдиев 1991 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Қарасай ауданы, Райымбек ауылында тұратын ол 2020 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін Орман және аң шаруашылығы мамандығы бойынша бітрген. Азамат бұл жұмысқа қызығушылығы әкесінің өнегесі арқылы оянғанын айтады.

"Әкем - Мұраталы Байғазақовтың бұл жұмыста 40 жылдан астам еңбек өтілі бар. Сол кездері жанында ілесіп жүріп, әкемнің жолын жалғастыруды ұйғардым. Ол осы жұмыста адал еңбек атқарып, зейнетке шыққан. Жұмысқа жаңадан кіретін кезімде көп нәрсені әкемнен сұрайтынмын. Біздің жұмысымыз көп нәрсені білуді қажет етеді, мысалы үшін автокөлікті тоқтатудың өзінің заңдары бар деген секілді. Осы жөнінде көбінесе әкеммен пікір сұрап, ақыл-кеңесін алатынмын", - деген азамат әкесін мақтан тұтатынын жеткізді.

Қазіргі таңда Әділет РГКП "Охотзопром" мекемесінде 2016 жылдан бері қызмет етеді. Табиғат сақшысы негізгі міндетіне кіретін жұмыстар туралы айтып өтті.

"Біз Қазақстан Республикасының қызыл кітабына енген немесе жойылып кету қаупі бар жануарларды, құстарды, өсімдіктерді, осылардың барлығына қатысты құқық бұзушылықты болдырмау үшін еңбек етеміз. Керісінше оларды өсіру, санын көбейту де біздің негізі мақсатқа жатады. Міндетті рейдтік шараларға шығып тұрамыз. Өзіміздің қару-жарақтарымызды асынып, құрал-саймандарымызды алып, арнайы көліктерімізге отырып бір айдың ішінде 15 күн арнайы осындай шаралар атқарып тұрамыз", - деп түсіндірді ол.

Әділет рейдтік шаралар кезінде атқаратын жұмыстарына тоқталып өтті.

"Рейдке 5 адам болып шығамыз, 2 көлігіміз болады. Жамбыл облысына баратын болсақ ол жақта жойылып кету қаупі төніп тұрған киігіміз бар, Қызыл кітапқа енген құланымыз бар, сосын жайранымыз бар. Одан ары қарай Қарағанды жаққа баратын болсақ арқарымыз бар, ол жақта да киіктеріміз бар. Сол 15 күнде бүкіл Қазақстанды аралап шығамыз. Іс-шара кезінде әр облыстың Ішкі істер бөлімдерімен бірлесіп, жұмыстар жасаймыз. Брифингтар өткіземіз. Жануарлар көптеп жүретін аймақта орналасқан аумақтарға барып түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз", - деп жалғады маман.

Адилет Сатыбалдиев акеси

Әділет Сатыбалдиевтің әкесі

"Броконьерлердің ішінде таныстарын айтып, қорқытқысы келетіндері болады"

Әділет рейдтік шара кезінде болған оқиғасы туралы айтып берді. Ол қолға түскен броконьерлердің көпшілігі жеңіл жолмен құтылып кетуді ойлап тұратынын айтады.

"Ағымдағы жылдың ақпан айында Райымбек ауданында іс-шара барысында Табиғатты қорғау полициясы бар, сосын шекара қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасап жатқан уақытта бір автокөлікті тоқтатып ішінен заңсыз қаруланған адамдарды түсіріп, бір дана маралдың еті тәркіленді. Жалпы 10 жылдық тәжірибеме көз жүгіртіп қарайтын болсақ Құдайға шүкір, өзіме немесе жанымдағы әріптестеріме қауіп төнген сәттер болмапты. Қолға түскен броконьерлер кейде балағаттайды, "анаған хабарласамыз, мынаған айтамыз" деп қорқытып жатады. Бірақ біз барлығын заң аясында жасаймыз", - дейді ол.

Табиғат сақшысы дереу полицияны шақырып, тәртіп бұзушыларды Райымбек ауданының ішкі істер бөліміне жеткізгенін ал олар түскен бейнежазбаның кейін әлеуметтік желілерге тарап кеткенін жеткізді.

Ол сонымен қоса қолға түсіп қалған азаматтар тез босап шығуы үшін түрлі амалдар жасайтынын айтады. "Пара алушы да пара беруші де жауапқа тартылады" деген ұстанымды бойына сіңірген азамат заңсыздыққа ешқашан жол берілмейтінін кесіп айтты.

"Жалпы, қолға түскен адам тез босап шығу үшін түрлі амалдарды жасайды. Бірақ ҚР заңына сәйкес пара алушы да пара беруші де қазір жауапқа тартылады. Бізге пара алу мәселесі туралы үнемі арнайы сабақтар өтіп тұрады. Заңсыз әрекеті кезінде қолға түскен адамдар да оңай құтылғысы келіп, оңай жолын іздеп тұрады. Алайда бізде үнемі бейнекамералар қосылып тұрады, көліктеріміз камералармен жабдықталған. Сондықтан заңсыздыққа ешқашан жол берілмейді. Адамдар өздері заңды бұзып тұрып тағы бір заңды бұзғысы келеді. Мен бұл жұмысқа әкемнің өнегесі арқылы келгендіктен, әкемнің тура жолын бұзғым келмейді, бұзбаймын да", - дейді Әділет.

"Броконьер таңдап тұрмайды, көзіне түскен аңды атып кетуге тырысады"

Табиғат сақшысы жүргізілетін іс-шаралар барысында көбінесе қандай заңбұзушылықтар болатынын түсіндірді.

"Кей броконьерлер болады мылтықтарын асынып, екі дөңгелекті мотоциклмен жүреді. Біз оларды тоқтатамыз. Мылтықты не себепті асынып жүргенін сұрап, қарудың құжатын тексереміз. Кейде олар бізге шындығын айтпайды, өздерінің малын, жылқысын іздеп жүргендерін айтып, алдағысы келеді. Сонда да біз олардың соңынан ілесіп жүріп, Қызыл кітапқа енген аңдар жүретін аумақтан ары асырып жібереміз", - деп қосты ол.

15 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін аңға шығу маусымы басталатынын еске салған ол осы аралықта аңға шығатындар көбейетінін айтады.

"Жалпы көбінесе мына аңды атады немесе мына өсімдікті жұлады деп айта алмаймын. Броконьерлер көзіне қандай аң көрінсе, соны атады. Бірақ біздің мекемеміз бүкіл Қазақстанда болғаннан кейін ондай әрекетке жол берілмейді", - деді ол.

Сатыбалдиев сондай-ақ жақында үкіметте ақбөкендерді атуға рұқсат беру туралы ұсынысы броконьерлердің санын арттырып жіберуі мүмкін екенін айтады.

"Ия, негізінде арттырып жіберуі мүмкін. Өйткені қазіргі таңда лицензияны бір адамға берсе, екінші-үшінші адам соған жазылады. Ал олардың заңды немесе заңсыз жазылғанын біз тексере алмаймыз. Оған жауапты мекеме бөлек. Мысалы, біреу бір аңды атып алса ол тағы екеуін, үшеуін, төртеуін атып алғысы келеді. Осы себепті бұл ұсыныстың қабылдануы броконьерлердің санын арттырып жіберуі мүмкін", - деп ашып айтты ол.

Маман өз кезегінде жалақысының мөлшеріне тоқталды. Өз жалақыма көңілім толады деген азамат, дегенмен мөлшері салыстырмалы түрде аз екенін жасырмады.

"Менің 10 жылдық тәжірибем бар, сол секілді біз санаттарға бөлінеміз. Жалақыма көңілім толады. Бірақ орман шаруашылығы мамандарының Қазақстан бойынша жалақылары аз болып келеді. Салыстырмалы түрде аз", - дейді ол.

"Сақшы ең алдымен табиғатты сүюі керек"

Әділет өзінің соңынан келе жатқан табиғат сақшысы болуды мақсат еткен жастарға өз ақыл-кеңесімен бөлісті. Сөзінше, бұл мамандықты таңдағысы келетіндер ең бастысы табиғатты аялауы қажет. 

"Тек оларды ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды табиғатты сүюге шақырар едім. Олар жүрген жерлерін қадірлесе, қоқыстарын жүрген жерлеріне шашып кетпесе ол әлбетте қоршаған ортаның алдындағы жауапкершілігі болар еді. Бізге тәжірибеден өту үшін жас мамандар келіп тұрады. Біз оларды өзімізмен бірге рейдтік жұмыстарға алып шығамыз, барлығын көрсетеміз, ақыл-кеңесімізді айтып, қолдан келгенше барымызбен бөлісуге тырысамыз. Құқық бұзушылықтар болса оны да көрсетеміз", - деді ол ағынан жарылып.

Табиғат қорғаушысы сөзінің соңында қоршаған ортаны қатты жақсы көретінін айта келе Қазақстанның әсем табиғатын суреттеп, қазақстандықтарды оны қорғауға шақырды.

"Өзім табиғатты өте қатты жақсы көремін. Еліміздің көрсе көз қызар төңіректерін қорғап жүргенімді, осы іске өз үлесімді қосып жатқаныма шын пейілмен мақтанамын. Мысалы, Алматы облысы өзінің тауларымен, көлдерімен әсем болып келеді. Шымкент өңіріміз бар, Ақтөбе, Ақтау, Маңғыстау, Орал аймақтарында тамаша жерлер өте көп. Тілмен айтып жеткізу қиын. Бір сөзбен айтқанда, әр облыстың өзінің ерекше аймақтары бар. Табиғат ол біздің асыл қазынамыз, бізге қалған мұра. Сондықтан оны аялап, болашаққа мұра етіп қалдыру біздің міндетіміз", - деп қайырды Әділет Сатыбалдиев.

Талқылау