"Олар – қасақана адам өлтірушілер": Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілерге жазаны жеңілдетуге қарсы шықты
Фото: pixabay.com
Ішкі істер министрлігі мас жүргізушілерге жазаны жеңілдету туралы ұсыныстарды қабылдамады. Ведомство қазіргі қатаң шаралар жол-көлік апаттарының санын азайтуға ықпал етіп отырғанын алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін министрлікке көлікті алкоголь немесе есірткіге мас күйде басқарғандарға арналған жазаны алып тастау немесе жеңілдету туралы ұсыныстар келіп түскен еді. Алайда министрлік бұл ұсыныстардан үзілді-кесілді бас тартты.
2020 жылдан бастап Қазақстанда мас күйде көлік басқарған жүргізуші 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұл норма жол-көлік апаттарына қатысты статистиканы талдаудан кейін енгізілген. Ведомство мәліметінше, кейінгі бес жылда мас жүргізушілердің кесірінен 2,5 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Олардың салдарынан 460-тан аса адам қаза тауып, шамамен 3 мың адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, мас жүргізушілерге жеңілдік жасауға болмайды.
"Мас жүргізуші – бұл жай ғана құқық бұзушы емес, қауіпті қасақана адам өлтірушілер", – деді ол.
Шыңғыс Әлекешев Алматыда мас жүргізуші жол жөндеу жұмысшыларын қағып кеткен қайғылы оқиғаны еске салды. Айтуынша соның салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмған.
-
Құқық қорғаушылар түрмедегі жазаны айыппұлмен және жұмыспен алмастыруды ұсынды
-
"Өліммен ойнау": Қазақстандық мектеп оқушыларының қауіпті ермегі видеоға түсіп қалды
ІІМ сондай-ақ қабылданған қатаң шаралардың арқасында Қазақстанда мас күйінде ұсталған жүргізушілердің саны азайып келе жатқанын алға тартты. Бұл қатаң жазаның жай заң ғана емес, сонымен бірге жолдағы қылмыстардың алдын алатын құрал екенін дәлелдейтінін жеткізді.
Министрлік бірқатар елдерде мас жүргізушілерге қатысты жаза одан да қатал екенін алға тартты. Мәселен, кей елдерде мұндай азаматтарды өмір бойына жүргізуші куәлігінен, тіпті көлігінен айырады екен.
"Біз адам өмірін заңды әдейі бұзатындардың орынсыз талаптарынан әлдеқайда маңызды деп есептейміз", – деді ІІМ ресми өкілі.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Николай Арсютин ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына сауал жолдап, елде мас күйде көлік жүргізгендерге қатысты жазаны жеңілдету жөнінде бастама көтерген еді. Ол қазіргі заңнамадағы жазаны “әлемдегі ең қатал” деп бағалады.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
