Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жетімдерге мейірім төгуді армандадық": Ақтөбеде 24 баланы асырап алған жанұя тұрады

Ақтөбеде 29 мүшесі бар Жетесовтер отбасы тұрады. Осынау үлкен шаңырақ иелері 27 баланың 24-ін асырап алған. Ең үлкені 28 жаста болса, кенжесі 3-те екен. Олардың қатарында өзге ұлт өкілдері де бар. Өнерге жаны құмар әулеттің әр баласы музыкалық аспапта ойнайды. Көп балалы жанұяның отағасы Өмірхан Жетесов айрандай ұйыған отбасының ұстанатын қағидалары мен құндылықтары жайлы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Жетесов Өмірхан – Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жаңатам фермасының тумасы. Жұбайы Амангүл Ешпанова екеуі өнерге жақын, жыр жаттап, терме айтады, түрлі аспаптарда ойнайды. Әулеттің отанасы халық шығармашылық орталығында жұмыс істейді. Ал Өмірхан балалардың тәрбиесімен үйде екен. Ол арасында тойларда асаба боп нәпақасын табады. Жұптың өздерінің екі қызы мен ұлы бар. Ал қалған балаларды асырап алыпты.

“Балаларымыздың ең үлкені – 28 жастағы Айгүл. Оны 2009 жылы 13 жасында асырап алдық. Қазір Айгүл тұрмыста, екі ұлы бар. Ал әулеттің кенжесі – үште. 17 қызым, он ұлым бар. Әрқайсысын бауырымызға бастық. Олар – Алланың аманаты”, – деді ер адам.

Балалардың жетеуі өзге ұлт өкілдері екен. Десе де қазақ тілі мен мәдениетін жетік меңгеріп, ұлттық аспаптың құлағында ойнайды. Олардың балалар үйіндегі орысша есімдерінің бәрі қазақыланып, өзгертілген. Мәселен, Са­шаны Жарқынай, Любовь деген қызды Махаббат, Снежананы Гүлімай, Тихонды Темірхан деп атайтын болды.

“Жетімдіктің күні құрысын”

Ерлі-зайыптының екеуі де тағдыр тәлкегінен жетімдіктің күнін кешкен. Сол себепті де жетім балаларға мейірім төгуді армандапты.

“Алты жасымда анам көз жұмды. Сол кезден бастап балалығымнан айырылдым. Біреу басымнан сипаса екен, мейірімін төксе екен деп елеңдеп тұратын едім. Жетімдіктің күні құрысын, мен жетім болудың қаншалықты ауыр екенін білемін. Жұбайым да ата-анасы емес, ата-әжесінің тәрбиесінде болған. Сонша жыл махаббатқа аш болған мен осы балалар арқылы мейірімге қанықтым. Мен де оларға барынша мейірімімді төгіп жатырмын”, – деді 27 баланың әкесі.

Айтуынша, олар балалар үйінде концерт қойып жүргенде, сол жердегі бүлдіршіндерге көздері түскен.  Солай алғашында бір ұл, екі қызды асырап алған.

“Үміт балалар үйінен бір ұлды аламыз деп қарап жүргенбіз. Бірақ оны Алғадағы балалар үйіне алып кеткен. Сол жерге барып, тағы бір қызды көрдік. Оны да ұнатып, Даниярмен алып кетеміз деп шештік. Бір күні 13 жасар қыз “мені де алып кетіңіздерші” деп көздері мөлдіреп тұрғаннан кейін оны да қимадық. Алғашында қорқыныш болды, мұндай жауапкершілікті көтере аламыз ба деп алаңдадық. Бірақ балалар үйге тез сіңісіп кетті, туғанымыздай жақсы көріп қалдық. Осыдан кейін өзімізге сеніп, осылайша 24 баланы бауырымызға бастық”, – деді Жетесовтердің әкесі.

Олар осыдан кейін сегіз баланы алдық, содан кейін үш бүлдіршінді, одан соң төрт баланы, екі ай бұрын бес бала асырап алған.

“Өнерге ерген баланың жүрегі жұмсақ болады”

Ер адам жалғыз баладан гөрі көп баланы өсіру оңайырақ екенін айтты. 

“Жалғыз бала өзімшіл келеді. Әрі көптеген қиындықтарға, жаман ортаға сол бір үйдің жалғыз балалары жиі түсіп жатады. Ал көп балалы отбасы болған жақсы ғой. “Алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер” демекші, үлкенін қалай тәрбиелесең, қалғандары ағасына қарап өседі. Көп баланы өсіруден қорықпау керек. Олар бір-бірін жетектеп, бірінің киімін киіп, өсіп кетеді”, – деді өнерлі отбасының отағасы. 

Ол кез келген баланың бойында бір ерекше талант немесе дарын болатынына сенімді. Бастысы – ата-аналармен онымен жұмыс істеп, сол қабілетін аша білу керек.

“Өнерсіз бала жоқ. Сол үшін барлық баламызды өнерге баулып, ұлттық аспаптарда ойнауға үйреттік. Себебі өнерге ерген бала жүрегі жұмсақ. Балалардың бойындағы қамқорлық, кеңпейілділік қасиеттерін баулу үшін де күшік, мысық асыраймыз”, – деді ол.

Қазіргі таңда Өмірхан Жетесовтің екі баласы Шабыт өнер мектебінде, ал тоғызы Жұбанов атындағы Ақтөбе му­зыкалық колледжінде оқиды. Қалған балалар мектепке барады. 

Рим Папасымен кездескен отбасы

Көп балалы әке балаларының жетістіктерімен мақтанатынын айтты. Олар 23 жарыстан гран-при жеңіп алған. Республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдемен қайтады. Жақын арада өткен Ташкенттегі өнер сайысынан да бас жүлде иеленіпті. 

“Рим Папасы Қазақстанға келген кезде отбасымызбен өнер көрсетуді өтінді. Солай оны қарсы алдық. Рим Папасын қарсы алғаннан кейін 96 елге танылдық. Бұл – менің балаларымның еңбегінің жемісі”, – деді Жетесов.

Ол балалары өнерде үздік болсын деп өзінің Lexus 470 маркалы көлігін сатып жіберген. Есесіне сегіз миллионнан астам қаржыға балаларының әрқайсысына сапалы аспап алып берген. Балалардың да аспаптарына сақтықпен қарап, өнерді жоғары бағалайтындарын айтты.

“Қыздар шашын қимайды, ұлдар шаш өсірмейді”

Үйдің әкесі отбасындағы ережелер мен отбасылық құндылықтарын түсіндіре отырып, жас отбасыларға өзіндік кеңес берді.

“Баланы қорқытып емес, махаббатпен өсірген жөн. Анасы әкені сыйлап үйрету керек. “Әкең келе жатыр” деген сөзбен тәрбиелеудің өзі – әкеге көрсетілген үлкен құрмет”, – дейді ол. 

Сондай-ақ патронатты ата-ана балаларды қонақ келгенде, оларға сыйластық танытып, қызмет етуге баулыған.

“Телефонды түнде қолдануға рұқсат бермейміз. Сонымен қатар бөтен үйге мүлдем қондырмаймыз. Әсіресе, қыздардың көп көшеде жүріп, қыдыруына қарсымыз. Ұлына да, қызына да тек түнгі 11-ге дейін қыдыруға рұқсат. Тағы бір ережеміз – қыздың шашын қимаймыз, ұлдар шаш өсірмейді. Қыз балалар бұрымды болуы тиіс”, – деді ақтөбелік ер адам. 

Ол ата-аналарға баланы он жасқа дейін қадағалауды ұсынды. Айтуынша, баланың кіммен араласатыны, қайда жүретінінін, оқу үлгерімі қандай екенін білу маңызды. Оның үстіне қазір интернетте адамды адастыратын, ойын бұзатын нәрселер көп, дейді ол.

“Балаға көп уақыт бермеген жөн, оның бос уақыты болмауы керек. Өнер немесе спортқа беріңіздер. Қазір оған мән бермесең, кейін зардабың тартасың. Бала – ол біздің капиталымыз. Сол энергиямызды далаға емес, өз ұрпағымыздың болашағына шашу керек. Мысалы қазір Тихон, яғни Темірхан балам маған қарап, 45 минут жыр жырлайды”, – дейді ер адам.

Оның ойынша, ата-аналардың жиі жіберетін қателігі – балаларға өтірік айту. Яғни бір жерге апарамын, бір нәрсе алып беремін деу. 

“Бала ата-ананың сөзін жүрегіне жақын қабылдайды. Ал айтқан нәрсені солай жасамай, әдет қылса, баланың сенімінен айырылады. Сол себепті көп нәрсені уәде етпеу керек, ал айтса, ол орындалу қажет”, – деді әке.

Талқылау