Оқушылар төртінші тоқсанда қалай білім алады: Вице-министр жауап берді
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 4-тоқсанда оқушылар қалай білім алатындығын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"1 сәуірде 4-тоқсан басталады. 4-тоқсанда оқушы саны 300-ге дейінгі мектептерде бір сыныпта оқушы саны 25 бала жинақталып, штаттық режимде оқу жалғасады. Сонымен қатар 4-тоқсанға енгізіліп отырған жаңа формат – жасыл және сары аймақта аралас оқыту барлық сыныптар үшін ұсынылады. Осы ретте бірқатар мәселеге назар аудар қажеттігін еске саламын. Біріншіден, карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Бұл ретте білім басқармалары, әр мектептің әкімшілігі тиісті санитарлық талаптарды сақтау жұмысын толық жүргізуі қажет. Екіншіден, әлеуметтік арақашықтық, оқушылар мен педагогтардың жеке гигиенасы сақталуы керек. Мұнан бөлек, оқушылар ауырған жағдайда не науқастармен байланыста болғанда және ата-ананың өтінішіне орай қашықтан оқыту мүмкіндігі сақталады", - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.
Оның атап өтуінше, 4-тоқсанда негізгі пәндер штаттық режимде, ал музыка, еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік негіздері сынды пәндер қашықтан оқытылады. Әр сыныпта 15 баладан аспауы тиіс. Ал сабақтардың ұзақтығы 40 минутқа созылады.
"Қазіргі уақытта кей өңірлер қызыл аймақта тұрғаны белгілі. Бұл - тәуекелі жоғары өңірлер. Онда сабақ 3-тоқсандағыдай форматта жалғасады. Демек, 1-5 және 9 бен 11 сыныптарда аралас оқыту форматы қолданылады. Басқа сыныптар қашықтан оқи береді", - деді Шолпан Каринова.
Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов онлайн брифинг барысында IV тоқсандағы оқыту форматы туралы айтты.
Спикер атап өткендей, Алматы қаласы қазіргі уақытта "қызыл" аймақта және эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады.
"Осыған байланысты, коронавирус инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы жағдайында мектептердің оңтайлы жұмыс режимін қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен 2020-2021 оқу жылының соңына дейін жалпы білім беретін мектептердің 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларын қашықтан оқыту форматына көшіру шешімін қабылдады. Сондай-ақ ата-анасының өтініші бойынша балалар саны 15 адамға дейін 1-ден 5-сыныпқа дейінгі, 9 және 11 (12) сынып оқушыларына кезекші сыныпта оқуға рұқсат беру туралы шешім шығарылды", - деді қалалық білім басқармасының өкілі.
Бүгінгі таңда қаладағы барлық мектеп санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін дезинфекциялаушы құралдармен 100% қамтамасыз етілген. Білім ұйымдарының бірінші сыныбына келетін балалардың ата-аналарынан немесе өзге де заңды өкілдерінен құжаттарды қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүргізіледі.
Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін келесі құжаттар қажет:
- ата-анасының немесе баланың басқа заңды өкілдерінің өтініші
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі
- 3х4 см өлшемді баланың фотосуреті, екі дана
- денсаулық жағдайы туралы анықтама (№ 063 / у, және 026 / у-3 формалары).
Қалада жалпы контингенті 287 мыңнан астам оқушыны құрайтын 278 мектеп бар, оның 207-сі мемлекеттік, ал 71-і - жекеменшік мектеп.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
