Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауырып қалса, біз жауаптымыз": Қазақстандық мұғалімдер оқушылардың ауыз бекітуіне қарсы шықты

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Рамазан айы бастала салысымен мектеп мұғалімдерінен оқушылардың ораза ұстауы туралы түрлі пікір айтылады. Мұғалімдер "сабақта бала шаршап отырады" десе, ата-аналар "балиғат жасына толды, ұстай берсін" дейді. Stan.kz ақпарат агенттігі оқушылардың ораза ұстауына қатысты пікірлерді тыңдап, тиісті министрліктен жауап алып көрді.

"Оқушыға бір нәрсе болып қалса, мұғалім мен мектеп жауап береді, сол үшін алаңдаймыз"

Желіде бірнеше мұғалім оқушылардың ораза ұстауын құптамады. Олардың сөзінше, оқушыға бірнәрсе болса, мектеп жауап беруіне тура келеді. Ал мектеп ораза ұстауды насихаттамайды.

"Оқушы ораза ұстап, мектепте жүргенде оған бірнәрсе болса, сол оқушы өзі жауап бермейді ғой. Әлбетте тікелей мектеп жауап береді. Ораза ұстаған парыз дейсіздер. Иә, ол парыз, бірақ белгілі адамдарға. Дені сау, денсаулығында кінәрат жоқ, асқазан аурулары жоқ адамдарға және кейбірі үшін асқазан ауруларына пайдалы. Ал кейбір денсаулығы болмай жүрген, анемиясы бар, асқазан-ішек аурулары бар, жалпы әлсіздеу оқушылар да, өздерін қинап ұстайды. Ол кезде де парыз дейсіздер ме? Негізі адамның денсаулығы болмаса, өзін қинауы керек деген нәрсе жоқ қой. Білім алу, оқу да – парыз. Егер оқушы бәріне үлгеремін, білімге кедергі келтірмеймін, екі жақты да алып жүремін десе, олар үшін ата-аналарынан қолхат алынады. Ол қолхатта мектеп емес, ата-ана өзі жауап беретіні жазылады.
Кейбір оқушылар ораза кезінде ұйықтап қалып, сәресін ішпей келеді. Содан кейін басы айналып, сабақта ауырып отырады. Бұл әрине баланың оқу процесіне кедергі келтіреді. Одан кейін балаға миын дамытып, өсуі үшін тамақ керек. Өйткені баланың ағзасы – өсіп, дамып келе жатқан ағза. Сонымен қатар ата-анасы баласына не үшін ораза ұстайтынын дұрыстап түсіндіруі керек. Мұны да кейбір ата-ана дұрыс жеткізе алмайды, өйткені өздері де толық білмейді. Кейбірі "Ойбай, парыз екен" деп, балаларының денсаулығын тексертпей жатып, ораза ұстатып қояды", – деп шағымданды мұғалім.

Тағы бір мұғалім оқушының ораза ұстауы оның білім алуына кедергі болады дейді.

"Мұғалім ретінде айтқым келгені: оқушылардың ораза ұстағанын құптамаймын. Сабақта әлсіреп, ұйықтап, мазасы кетіп отырады. Сілекейін жұтпау үшін сабақ уақытында жүз рет сұранады. Мұғалімнің өзіне ораза туралы сұрақ қойып, дін туралы әңгіме қозғағысы келіп тұрады. Қазір оқушылардың нағыз білім алатын уақыты. Сондықтан ештеңеге алаңдамай тек сабақ оқыса деймін. Әлі ораза ұстап үлгересіңдер деген сұраққа, қашан өлетінімізді білмейміз ғой дейтіндер, ақиқатты да әлі білмейміз ғой...", – дейді мектеп мұғалімі.

"Мектеп мешіт емес"

Мұғалімдердің бұл сөзін ересектер де қолдады. Олар мектеп мешіт емес екенін айтып отыр.

"Мектеп пен университетте балалардың ораза ұстағаны дұрыс емес! Қарны аш, әлсіз баланың сабаққа зауқы болмайды. Білім алуға құлшынбайды. Мешіт емес, кітапханаға барсын. Білім алсын!" – дейді желі қолданушылар.

Мектеп мұғалімдерінің сөзін қолдамағандар да табылды. Олардың айтуынша, мұғалімдер баланы ойынан айнытады. Сабаққа құлшынбауына оразаның қатысы жоқ десті.

"Мұғалімдердің "оқушылар ораза ұстамаса екен" деген бірнеше жазбасын көріп қалдым. Не ол енді? Мен де оқушы кезде ұстайтынмын. Көп мұғалім қарсы болып, атеистпіз деген. Солай оқушылардың да ойын бұзғысы келеді. Сабақ оқымай қояды дейді. Сабақты қызық қылсаңыз бәрі оқиды. Оразаның дым қатысы жоқ. Басқа мәселелер толып жатыр, неге соны қозғамасқа. Оқушылардың тең жартысы темекі шегіп, төбелесіп, білгендерін істеп жүр. Сол мәселемен айналыссаңыздар жақсырақ болатын еді", – деп пікір білдірді олар.

Оқу-ағарту министрлігі не дейді?

Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл сұраққа нақты жауап бермей, тек білім беру жүйесі зайырлы сипатты ұстанатынын жеткізді.

"Қазақстанның Конституциясына сай, біздің еліміз зайырлы және құқықтық мемлекет құндылықтарын негізге алады. Бұл ретте орта білім беру жүйесінің зайырлы сипаты – әр оқушының сапалы, ғылымға негізделген және объективті білім алуының кепілі. Мектеп қабырғасында бекітілген ортақ білім беру стандарттары жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасайды. "Адал азамат" біртұтас білім беру бағдарламасы мен ішкі тәртіп қағидаларын сақтау-болашақ зияткер ұлтты қалыптастырудың маңызды шарты", – деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.

Медицина оқушылардың ораза ұстауын құптай ма?

Педиатр Алтынай Хедербекқызының айтуынша, мұсылман қауымға ораза маңызды болғанымен, балаларға келгенде ерекшеліктер бар.

Біріншіден, ораза 15 жасқа толмаған балаларға ұсынылмайды. Әрі оны бір мезетте аяқасты бастаған дұрыс емес, яғни ағзаны ораза айына алдын ала дайындау керек. Оразаға дейін аптасына 1-2 күн ауыз бекітіп, ағзаны дайындау қажет. Ағзаны бірден ұзақ ашықтырып, аяқастынан күйзелтпеу керек. Екіншіден, егер балада мектептегі оқу бағдарламасы қарқынды болса, қосымша физикалық жүктемені қажет ететін секциялары бар болса әрине, ауыз бекітуді шегеру қажет. Себебі ағзаға энергия, ақуыз, микро-макро элементтер өте қажет", – дейді Педиатр Алтынай Хедербекқызы.

Егер оқушының анемиясы, гастрит, асқазан-ішек жарасы болса, онда ауыз бекітуді ойламаған абзал дейді дәрігер.

"Үшіншіден, егер балаңыздың қосымша аурулары болса, мысалы теміртапшы анемия, гастрит, асқазан-ішек жарасы, әрине бұл жағдайда ауыз бекіту туралы ойламаған жөн. Жалпы айтқанда, балаңыздың жасы 15-тен асса, созылмалы аурулары болмаса, мектептегі жүктеме орташа болып, спорттағы белсенділікті азайтса, ауызашар мен сәресіне ақуыз бен дәруменге мол тағамдар беріліп, су мөлшері өтелсе, оған қоса дәрігердің тағайындауымен қосымша дәрумендер берілсе, ауыз бекітуге болады. Ал 15 жастан кіші балаларға ауыз бекітуге кеңес бермеймін, себебі ағза қарқынды дамып, өсіп жатыр. Дәл бұл кезде олардың ағзасы көп мөлшерде ақуыз бен көмірсуды, майды қажет етеді. Су мөлшері де өте маңызды. Балалаңыздың дұрыс өсіп-дамуын тежемеген жөн", – деп түйіндеді дәрігер.

Сонымен қатар біз Денсаулық сақтау министрлігінен де кеңес сұрадық. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының бізге берген мәліметінше, басты назарды баланың денсаулығы, толыққанды дамуы және оқу үлгеріміне қою керек.

"Дінге сай, ораза ұстау балиғат жасына жеткен және діни шешімді саналы түрде қабылдай алатын мұсылмандарға қатысты. Бұл жасқа дейінгі балаларға ораза ұстау міндеттелмейді. Басты басымдық – баланың денсаулығы, толыққанды дамуы және оқу үлгерімі. Ораза ұстау туралы шешімді ата-аналар баланың жасын, денсаулық жағдайын және медициналық мамандардың ұсынымдарын ескере отырып қабылдауға тиіс. Оразаны денсаулық жағдайы жақсы болғанда ғана ұстауға болады. Созылмалы аурулары, анемиясы, қант диабеті, гастриті бар балалар міндетті түрде дәрігермен кеңесуі қажет", – делінген орталық мәліметінде.

Орталық мамандары сәресіне қатысты ескеретін жағдайларды атады:

  1. Міндетті түрде сәресін ішу керек, өткізіп жіберуге болмайды.
  2. Тамақ құрамына күрделі көмірсу (ботқа, дәнді нан), ақуыз (жұмыртқа, сүзбе, ет), пайдалы майлар (жаңғақтар) қосу керек.
  3. Міндетті түрде 1-2 стақан су ішу керек.
  4. Тәтті және тұзды тағамдардан бас тарту керек, олар шөлді күшейтеді.

Ауыз ашарда ескеретін кеңестер:

  1. Әуелі су мен құрмадан бастау.
  2. Кейін жеңіл сорпа ішу.
  3. Негізгі тағам ақуыз және көкөністерден тұрғаны жөн.
  4. Артық тамақтанбау.
  5. Қуырылған тағамды, фастфудты және тәтті газдалған сусындарды шектеу.
  6. Ауызашар мен сәресі арасында кемінде 1-1,5 литр су ішу керек. Шай, кофе, тәтті сусындарды азайтқан дұрыс.
"Оқу және күн тәртібіне қатысты: мүмкіндігінше толыққанды (кемінде 8 сағат) ұйықтау керек. Емтихан немесе бақылау жұмыстары күндері өз жағдайына мұқият болғаны дұрыс. Күндіз шамадан тыс физикалық жүктемеден және қарқынды спорттан аулақ болу керек. Қатты әлсіздік, бас айналу, естен тану, қатты бас ауруы, құсу, қан қысымның күрт төмендеуі жағдайында оразаны тоқтату қажет. Бұл ақпарат түсіндіру сипатында берілген және кәмелетке толмағандарды ораза ұстауға шақыру болып саналмайды", – деп кеңес етті Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мамандары.
Еңлік Сақтан
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 18:26