Оқу жылы ұзартылғандықтан оқушылар сабақта бос отырмай ма – Министр жауап берді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылы ұзартылғандықтан оқушылар сабақта бос отырмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін журналист Гүлбану Әбенова кей мектептерде кітапты ерте өткізіп, сабақта бос отыратыны туралы жазба жариялаған. Кей мектептерде рюкзаксыз күн, пижама күні, Color party сияқты сабақ кестесі ұсынылыпты.
"Қазір тексеру жүргізу туралы тапсырма берілді, кейбір жерлерде фейк ақпараттар да шығып жатыр", – деді министр Үкімет отырысынан кейінгі сұхбатында.
Оның айтуынша, мұндай фактілер анықталғаннан кейін нақты шаралар қабылданады.
"Стандарт бар. Әр мектеп осы стандартты орындауы керек. Мектеп басшылығы жақсы түсінетін белгілі бір заңнамалық ережелер бар. Бұл бір жағынан қаржылық заңбұзушылық, өйткені олар сағатқа жалақы алады. Стандартты орындайтын тамаша мұғалімдер, тамаша директорлар бар. Егер стандарт орындалмаса, түсіндіру шаралары қабылданады. Деректерді анықтау керек, олар бойынша шаралар қабылданады", – деп түсіндірді Ғ. Бейсембаев.