"Оқу бағасын көтермей, бөліп төлеуге мүмкіндік берулеріңізді сұраймын": Министр ЖОО басшыларына үндеу жасады
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрлік аппаратының онлайн жиналысында жоғарғы оқу орындарынан оқу ақысын өсірмеуді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Осы пандемияның салдарынан, қазір біз студенттердің оқуына уақытлы төлеу мүмкіндіктері азайып отырғанын көріп отырмыз. Жалпы экономикалық ахуалды өздеріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан ЖОО тараптарынан да қолдау жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын және екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, қарыздары бар студенттерге бөліп төлеу мүмкіндіктерін беру. Біз қазір жүргізілген талдаудың нәтижесін көріп отырмыз. Бірақ осындай мәселелер бар. Сондықтан бөліп төлеуге мүмкіндік қарастыруларыңызды сұраймын", - дейді Аймағамбетов.
Осылайша министр оқу ақысын өсірмей, студенттерге бөліп төлеуге мүмкіндік беру үшін жоғарғы оқу орындарының басшыларына үндеу жасады. Ол қазіргі жағдайда көп студенттер мен олардың отбасылары оқу ақысын төлеу мүмкіндігінен айырылғанын жеткізді.
"Екіншіден, біз алған ақпаратқа сәйкес, біраз жоғары оқу орны қазір оқудың бағасын көтеруді жоспарлап отыр екен. Сондықтан бұл мәселе бойынша да сіздерге деген бір өтініш бар. Ол өтініш - осы ахуалды біле отырып, жоғары оқу орындарында бағаны өсірмеу. Бұл - өте маңызды. Сондықтан бұл мәселені қарастырып, тиісті шешім қабылдайды ғой деп сенемін", - деді Асхат Аймағамбетов министрлік аппаратының онлайн жиналысында.
Министрдің айтуынша, ведомство ЖОО-ларды қолдау бойынша бағдарлама дайындап жатыр және ол жоғарыда аталған мәселелерді шешуге көмектеседі. Ол министрлік тарапынан толыққанды қолдау көрсететінін айтты.
"Ол тек қаржылай қолдау мәселесі емес, басқа да реформаларға байланысты. Осы өзгерістерді сіздерге жеткізіп, жұмыс тобын құрған едік. Оның ішінде ЖОО-ның білімді, білікті, тәжірибелі ректорлары, сарапшылар қатысқан болатын. Соның нәтижесінде біраз шешім қабылдауға дайынбыз. Бұл шешімдер де ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін көтеруге көмектеседі және де қаржы жағына байланысты біраз мүмкіндік береді. Өз тарапымыздан осы өзгерістерді жариялаймыз. Бұл да сіздерге осы жұмыстарды қолға алып, шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын", - деді министр.
Айта кетейік, 2018 жылдан бері еліміздегі барлық жоғары оқу орнына академиялық дербестік берілгенін әрі оқу ақысына қатысты мәселе тек университет ректоры мен студент арасындағы келісімшарт арқылы реттелетінін атап өтті.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
